Алматыда «Жасай бер, Қазақ елі!» концерті өтті

«Жасай бер, Қазақ елі!». Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Республика күніне арнап мерекелік концерт берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара барысында үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрі, аралас хор, жетігеншілер мен қобызшылар ансамблі өнер көрсетті. Олардың дені – республикалық байқаулардың жүлдегерлері. Барлығы дерлік шетелде өнер көрсетіп, еліміздің өнерін әлемге танытып жүр. Концертте қазақ және шетелдік композиторлардың туындыларын жоғары деңгейде орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бағдарламада музыканың барлық жанры қамтылды. Жас өнерпаздар шеберлігін одан әрі ұштай бермек. Келесі жылы консерваторияға 80 жыл толады. 

Мұхамбет Ешмұханов, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының проректоры:

- Құрманғазы атындағы консерваторияда 1200-ге жуық студент білім алып жатыр. Оның ішінде музыка, өнер саласында, әртүрлі бағытта қазағымыздың көк туын желбіретіп жүрген түлектеріміз өте көп. Келер жылы – консерваторияның 80 жылдық мерейтойы. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев сияқты майталмандарымыз консерваторияның  түлектері болып саналады. Барлық қазақстандықтарды келіп жеткен Республика күнімен құттықтаймыз.