Жезқазғанда күйшілер байқауы өтті

Жезқазғанда Кетбұқа би атындағы «Ақсақ құлан» күйшілер конкурсы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен екінші рет ұйымдастырылған халықаралық додаға еліміздің әр өңірінен және Қытай Халық Республикасының өнерпаздары қатысты. Олар бидің күйлерін орындап,  өзара сынға түсті. Туындылардың шығу тарихын баяндады. Күмбірлетіп күй шертілген сайыс қорытындысында астаналық Бекзада Достиярова жеңімпаз атанды. Кетбұқа өз заманында батыр, би, жырау-күйші болған. Оның «Нар идірген», «Жошы хан», «Ақсақ құлан», «Ел бірлігі» деп аталатын туындылары халық арасында кең тараған. Тарихи аңыздарда жиі айтылатын тұлғаның есімін ұлықтау мақсатындағы шараны «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Төлеген Бүкіров, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

- Жоғалуға айналған өткен тарихымызды халық арасында дәріптеу, болашақ жастарға жол көрсету. Мұнымен Кетбұқа бабаны зерттеу жұмысы аяқталды деп ойлаймаймын. Бұл – бастауы. Әлі талай шаң басқан архивтерден жақсы-жақсы мәліметтер табылатынына күмәнім жоқ. 

Тойбол Жеңісұлы, байқауға қатысушы:

- Мен осы Кетбұқа бидің топырағынан Қытай елі Іле облысы Тоғызтарау ауданынан келіп отырмын. Осы сайысқа арнайы дайындықпен келіп отырмыз.Сайыс өте қиын болып жатыр. Неше түрлі консерваториядан, академиядан, Қазақстанның жер-жерінен келген, басқа шетелден келген азаматтар көп болып жатыр. Жарыс өте күшті болып жатыр.