Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл

Биыл ұлт мақтанышы, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл.

Осыған орай Алматыдағы Жазушылар одағында ақындар арасында «Тұран тұлғасы» атты халықаралық жыр мүшәйрасы өтті. «Мағжан Жұмабаев қазақ поэзиясында өзіндік дәстүр қалыптастырған», - дейді әдебиет зерттеушілері.

Жыр мүшәйрасында ақындардың түркі әлеміне, Алаш қайраткерлеріне арнаған өлеңдері сарапқа салынып, 19 ақын марапатталды. Жүлдегерлер қатарында Аманғазы Кәріпжан, Бекжан Әшірбай, Жанат Әскербекқызы, Лена Әбдіқалықова сынды талант иелері бар. Жыр мерекесінде Алаш арыстарының атындағы арнайы сыйлықтар да табысталды.

Ұлықбек Есдәулет, мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын:

- 100-ге тарта шығармалар келіп түсті. Әркім өздерінің түркі дүниесіне, Алаш дүниесіне, жалпы Мағжанның 130 жылдығына ақындық көзқарастарын білдірді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді. Бүгін 19 ақынға жүлде берілді. Шорт листтегі тізімде 30 болатын, содан іріктеп, комиссияның қарауымен, бас жүлдені алған ақын желтоқсаншы Аманғазы Кәріпжан.