Қазақ композиторы Шотландияны бағындырды

Қазақстандық композитор әрі пианист Рахат-би Әбдісағын британ жерінде қорытынды концертін өткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Шотландия королі Роберт Брюстің 750 жылдығына орай ұйымдастырылған кешке корольдіктің түкпір-түкпірінен келген қонақтар қатысты.

Бұл – «Қазақтың Моцарты» атанған Рахат-Би Әбдісағын. Жасы 20-ға жетпей, жер жүзін мойындатқан композитор. Музыка сүйер қауым оның өрелі өнерін көруге ынтызар. Мұндай мүмкіндік бұл жолы Данфермлин жұртына бұйырды. Музыкант көрерменге «Брюс» операсын ұсынды. Шығармада Шотландия королі Роберт Брюс туралы баяндалады. Ал либретто ортағасырлық поэмаға негізделген.

Рахат-Би Әбдісағын, композитор-пианист:

- Бұл поэманы 1375 жылы Джон Барбур жазып шыққан. Шығарма тарихи тұлғаның болмысын жан-жақты қырынан ашады. Жалпы бұл туындыны өткен мен болашақ арасындағы музыкалық көпір деуге болады. Себебі операда бостандық пен ізгілік туралы сыр шертіледі.

Рахат-Би шығарманы жазу барысында Британияның жетекші лингвист, тарихшылармен қоян-қолтық жұмыс істеген. Беделді әдебиеттанушылармен кеңескен. Ал қойылымды қоюға Шотландияның Корольдік консерваториясының опера әншілері мен дирижёрлері атсалысты.

Марк Дэнис, театрдың костюм жөніндегі суретшісі:

- Біз қазір Данфермлин аббаттығындағы шіркеуде тұрмыз. Дәл осы жерде король Роберт Брюс жерленген. Бүгін сахнадан көрген киімдердің бәрі – шотланд патшасы заманындағы үлгілердің дәл көшірмесі. Осындай жобаға қатысу мүмкіндігі бұйырғанына өте қуаныштымын.

Музыкант бүгінге дейін симфониялық оркестрге және әр жанрдағы камералық ансамбльдерге арналған 100-ден аса классикалық музыкалық туындының авторы атанып үлгерді. Рахат-Бидің қиялынан туған ғаламат музыка әлемнің ірі қалаларының үздік сахналарында орындалып, классикалық музыканың талғампаз тыңдармандары арасында зор қошеметке бөленіп жүр.