Талдықорғандағы драмтеатр шетелдік спектакльдерді сахналайды

Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының актерлері енді шетелдік спектакльдерді сахналамақ.

Ол үшін қазір халықаралық деңгейде мойындалған режиссерлермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Бұл туралы халықаралық театр күніне орай өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Өнер ұжымы жыл басынан бері үш спектакльдің премьерасын өткізген. "Қазақтың тойы бітпесін", "Кездесу мен Қоштасу", "Таптым-ау сені" қойылымдары отбасылық құндылықтарды сақтауды насихаттайды. Өнер ордасындағылар жыл соңына дейін тағы бес спектакльді жұртшылыққа ұсынуды жоспарлап отыр.

Данияр Базарқұлов, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының көркемдік жетекшісі:

- Тікелей көрерменмен байланыс орнатсақ па деп отырмын. Соған байланысты сценарий құрып жатырмын. Сценарий деп айтуымның себебі бұл халыққа арналған бірге актерлармен үндесе отыра поэзияларды бірге оқитын, әндерді бірге айтатын керемет кеш болса деген ойым бар. Ал қойылымға келетін болсақ халықаралық қатынас құрып, Грузияның Тбилиси қаласынан режиссер шақырғымыз келеді, Лондоннан режиссер шақырғымыз келеді. Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр.