Анкарада халықаралық Shymkent кинофестивалі өтті

Анкарада Халықаралық Shymkent кинофестивалі өтті.

Түркия астанасының Бәйтерегі - Атакүледе өткен шараға түбі бір түркі жұртының жас кинематографтары қатысты. Фестивальдің мақсаты "Шымкент" брендін қалыптастырып, түркітілдес елдерінің жас киногерлерін қолдау, өзара байланыс орнату, тәжірибе алмасу. Онда Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елінің туындылары көрсетілді. Халықаралық шарада бірінші орын түркиялық режиссер Сердар Алтунның «Бөбек» фильміне, екінші орын жерлесіміз Мейрамбек Сағыновтың «Айбат» туындысына бұйырды. Үшінші орынды «Ромео» фильмімен қырғызстандық жас режиссер Тыныстан Теміржан иемденді. Халықаралық шараның авторы Рахымжан Қалдыкөз. Ол бұған дейін Shymkent кинофестивальін республикалық деңгейде ұйымдастырған.

Рахымжан Қалдыкөз, ұйымдастырушы:

- Шымкент үшінші мегаполис өздеріңіз білетіндей. Бұл жақтан өте талантты өнерпаздар көп шығуда. Шымкентте қазір кинофестивальдер, жақсы-жақсы өнер ордалары, өнер университеттері қажет. Сондықтан, өзім Шымкент қаласын таңдап, сол жердің жастары да өссін, халықаралық дәрежеде өздерін көрсетсін деген нәтижемен осы Шымкент деген фестивальді әлемге танытып жатқан жайымыз бар.

Фатих Шахин, көрермен:

- Бүгінгі шарада бір жерде бауырлас халықтардың туындыларын тамашаладық. Жастар өте талантты. Мазмұны да терең еңбектер жасап шығарыпты. Біз де өз кезегінде оларға қолдау көрсету үшін келдік. Әсіресе қырғыз бен қазақтың еңбектері назарымды аударды.