352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да тауықтары қырылған тұрғындарға өтемақы төленбейді

  • 154

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты Елецкое ауылында үй құстары арасында Ньюкасл ауруы тарады.

Бүгінгі мәлімет бойынша, 500 тауық қырылып қалды. Осыған байланысты елді мекенде карантин жарияланған. Облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжановтың айтуынша, құстары қырылған тұрғындарға өтемақы төленбейді. Себебі тұрғындар үй құстары туралы мал дәрігеріне есеп бермеген. Сондықтан дерттің таралуына адамдардың өздері кінәлі. Қазір бұл ауылда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бір жарым мың құсқа екпе жасалды. Ал Ньюкасл ауруының өзге аумақтарға таралып кетпесіне кім кепіл? Бұл туралы мән-жайды жауапты маман телефон арқылы жеткізді.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Ньюкасл ауруының адамға еш зияны жоқ. Құстың еті мен жұмыртқасын термикалық өңдеуден кейін жеуге де болады. Бұл дертке тауықтар ғана шалдығады. Қалған қанаттыларға жұқпайды. Қазір көрші ауылдар да бақылауға алынды. Әзірге ауру белгілері байқалмады.

Хабар 24 телеарнасы