356.54 417.80 5.38
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Батыс Қазақстан облысында Ғұмар Қараш кесенесі бой көтерді

  • 191

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел ертеңі үшін аянбай тер төккен аяулы есімдер қайта түстеліп, құрметтеліп жатыр.

Соның жарқын бір айғағы ретінде ағартушы ақын, ойшыл, алғашқы қазақ журналистерінің бірі Ғұмар Қараш өміріндегі ақтаңдақтардың жарыққа шығуын айтуға болады. Ғұлама ғалым жерленген орын бүгінде Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген. Жуырда ғана ақынның туған өңірі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек жерінде басына кесене тұрғызылды.

Ғұмар Қараш есімінің отандық тарихта айрықша аталуы тектен тек емес. XX ғасырдың басындағы аумалы-төкпелі заманда ол өз ұлтының келешегі үшін күрескен үркердей топтың қатарында тұрды. Қазақтың тұңғыш журналистерінің бірі ретінде «Қазақстан» газетінің шығуына атсалысты. «Мұғалімге» атты еліміздегі алғашқы педагогикалық басылымға басшылық етті. Бір басына бірнеше өнерді тоғыстырған жанның өмірі толық зерттеліп болды ма? Бұл сауалды біз ғұмартанушы ғалымдарға қойдық.

Бақтылы Боранбаева, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы:

- Республика көлеміндегі қазақ халқы Ғұмар Қарашты танып болды деп айтсақ, біз әлі артық айтқандық болып табыламыз. Сондықтан біздің міндетіміз Ғұмар Қарашты жалпы қазақ еліне таныту, түркі еліне таныту бұл бүгінгі зерттеушілер мен ғалымдардың алдында тұрған тың міндет.

Қазыбек Құттымұратұлы, журналист, Ғұмар Қараш мұраларын зерттеуші:

- 1917 жылғы «Ұран» газетіндегі мақалаларын қарасаңыз, осы өңірдің отарлаушы халық пен жергілікті халықтың арасындағы шекара дау-дамайларына араласқан. Біз бүгін көріп отырмыз, мына Жәнібектің өзі, мына елді мекендерінің Қазақстан аумағында қалғанының өзі сол Ғұмар аталарымыздың еңбегінің нәтижесі. Бұл кісі шекара жөнінде Мәскеуге дейін барғанын білесіздер, сондықтан бұл кісінің еңбегі. өте көп әрі сан салалы.

Жуырда Ғұмар Қараш шығармаларының 3 томнан тұратын алғашқы толық жинағы жарық көрді. Мұнда ғалымның өнегелі өмірі мен шығармашылығына қатысты тың мәліметтер жинақталған. Ал кесене ақынның туған жері саналатын Борсы ауылынан 8 шақырымдай жерде бой көтерді. Биіктігі 9 метр болатын нысан құрылысына билік пен бұқара өкілдері бірдей атсалысыпты.

Азамат Сафималиев, Жәнібек ауданының әкімі:

- Осы өңірде дүниеге келген, қазіргі таңда бұл жерде емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан азаматтар өз үлестерін қосып, солардың арқасында мына кесене көтерілді. Бұл кесененің тасы Маңғыстау елінен алынды. Жиналған қаражат сомасы 8 миллионның үстінде, бұл қаражат бюджеттен емес, бұл қаражат жалпы ел азаматтарының  арқасында қорға жиналып, Ғұмар Қараш қоры ашылып, бұл қаражат сол қорға жиналған болатын.

Ахмедияр Батырханов, «Ғұмар Қараш атындағы қоғамдық қор» төрағасы:

- Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, «Туған жер» бағдарламасы аясында осындай игілікті істің атқарылғаны ауданымызда халқымыз үшін зор ғанибет. Осы істің атқарылуына аудан халқы және кәсіпкерлер, щаруа қожалық жетекшілері бір кісідей атсалысты.

Ұлты үшін ұланғайыр іс тындырған Ғұмардай ғұламаны дәріптеу келер ұрпақ үшін қажет. Ақынның басына тұрғызылған мына ақшаңқан кесене де сол міндеттің орындалуына өз септігін тигізері сөзсіз!

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы