TikTok-та танымал шопан баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін

TikTok-та танымал шопан баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Tengrinews.kz

TikTok-пен танылған бала шопанның ата-анасы енді әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған жасөспірімнің Талдықорғанда көрермендерімен кездесуі себеп болған. Полицейлердің мәліметінше, ол қаңтардың тоғызы күні қаладағы мейрамханалардың бірінде кездесу болатынын әлеуметтік желіде жариялаған. Соған байланысты тик-токермен жүздесу үшін бір мезетте 200-ден астам бала келіпті. Жиналғандардың көптігін байқаған тәртіп сақшылары оларды топтастырмай, өз үйлеріне таратты. Ал санитарлық талаптың бұзылуына себепкер болған жеткіншектен түсініктеме алынды. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің аталас ағасымен жүргені және оның қолында ата-анасының сенімхаты болмағаны анықталды.

Серік Үпиев, облыстық ПД ресми өкілі:

– Блогерге қатысты материалдар жинақталып, тиісті шаралар қабылдану үшін Жамбыл облысының ювеналды полиция қызметкерлеріне жолданатын болады. Сонымен қатар жастардың жиналуына жол берген кафе иелеріне қатысты санитарлық талаптарды бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 425-бабына сай хаттама толтырылғанын хабарлаймыз.