Алматыда жазасын өтеушілер үшін арыз-шағым терминалы қойылды

Алматыда жазасын өтеушілер үшін арыз-шағым терминалы қойылды

Алматыдағы түзеу колониялары цифрлық жүйеге көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазасын өтеушілердің арыз-шағымын білдіру үшін арнайы терминалдар қойылды. Онда сотталғандар өзіне қатысты құқық бұзушылық, жазасын жеңілдету сынды қалаған арызын қалдыра алады. Ақпанның басында қойылған терминал арқылы бүгінге дейін төрт адам арыз беріпті. Қаладағы үш қылмыстық-түзеу мекемесіне жалпы 5 терминал орнатылған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, цифрлық жүйенің мақсаты – қылмыстық-түзеу колонияларындағы жемқорлыққа тосқауыл қойып, ашықтықты қалыптастыру.

Дамир Сәлімов, прокурор:

- Жазасын өтеушілердің арыз-шағымдары бірден прокуратураға, сотқа және қылмыстық тергеу органдарына жіберіледі. Бұл терминалдың басты мақсаты – сотталғандардың өтінішін жылдам қабылдап, тиісті шараны уақытында қолдану.

Жазасын өтеушілердің арыз-шығымы бүгінге дейін түрме әкімшілігі, адвокаттар мен жақындары арқылы жазбаша түрде жеткізіліп келген. Мысалы, ЛА-155/18 түзеу колониясындағы жазасын өтеушілер өткен жылы 6 мыңнан аса өтініш жазған.

Әсет Жұмадиев, ЛА-155/18 мекемесінің басшысы:

- Электронды терминал жазасын өтеушілерге қолайлы жерде орналасқан. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау қосылған. Қазір біздегі сотталушылардың жеке сәйкестендіру номері мен саусақ іздері терминал жүйесіне жүктеліп, қолдану тәсілі үйретілді.