Петропавлда жарылыс болған жатақхана тұрғындары баспанасына оралады

Петропавлда жарылыс болған жатақхананың тұрғындары демалыс күндері баспанасына орала бастайды.

Бес қабатты үйге техникалық сараптама жасалды. Жауапты компания өкілдері нысан «апатты емес» деген қорытынды шығарды. Шығын көлемі есептеледі. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Алты бірдей құрылыс компаниясы тартылған. Үй жылу, жарық, және суға қосылды. Зардап шеккендерге 300 мың көлемінде өтемақы төленеді. Өткен жексенбіде жатақханаға жапсарлата орналасқан дәмхананың ас бөлмесінде газ баллоны жарылған еді. Салдарынан екі адам мерт болып, тағы бірнеше тұрғын дене жарақатын алды.

Болат Жұмабеков, қала әкімі:

- Бюджеттің тарапынан бірыңғай төлейтін төлем белгіленген. Бүкіл арыз түсіп жатыр. Ол үшін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тізім бойынша 300 мың теңге маңайында төлем болады. Ал заңға сәйкес келмейтіндер оларға фонд арқылы жиналған қаражат бойынша көмек жасалынады. Соларға көмек жасау үшін екі комиссия құрылған.