Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғындарын жол мәселесі шаршатты

Атырау облысы Жылыой ауданының тұрғындарын жол мәселесі әбігерге салып отыр. Қар мен жаңбырдан кейінгі көшенің күйі тіпті көңіл көншітпейді. Мердігер мекемелердің салғырттығынан жолдар сапасыз салынған. Тіпті, Құлсары қаласының маңызды саналатын орталық көшесі қазір асфальтсыз жатыр. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл Құлсары қаласындағы орталық көше. Махамбет атындағы даңғыл. Ой-шұқыры көп, батыр бабамыздың жүріп өткен жолы іспетті. 2019 жылы құрылыс жұмыстары басталып, кейін аяқсыз қалған. Міне 2 жылға жуық уақыт жылыойлық жүргізушілер әбігерге түсіп отыр. 

Қазынадан қыруар қаржы бөлініп жол құрылысы басталған еді. Алайда, жол жұмыстары созбалаңға салынып, ақыры аяқталмай қалды. Мердігер мекеменің салғырттығынан болған зардапты қазір тұрғындар тартып отыр.

БЛИЦ:

- Абыл Құрманғалиев, Құлсары қаласының тұрғыны: 

- Жол дейтін құдық-құдық қой. Жүру вообще невозможно. Көлік келіп қалса, қаша алмайсың, құдыққа түсесің амал жоқ. Еще жолаушы бар. 

Мұрат Аманқосов, Құлсары қаласының тұрғыны: 

- 2019 жылы басталған жол, автокөлік жолы әлі біткен жоқ. Орталықтан микрорайонға дейін. Пешеходтар жоқ. Пешеход сызылуы керек, әрине. Сосын әрине әр тоқта дегеннің қасында линия болуы керек. Тоқтағанда сол жерден автокөліктер білетіндей қылып сол сызықты. 

Қаладағы орталық көшенің жәй-күйі осындай болса, басқалары үшін бас қатырудың да қажеті жоқ. Бар жолдың өзі шұрық-тесік. Сападан жұрдай, қалыңдығы қылдай жолдан көліктерінің күйі қашқан жүргізушілер кімге шағымданарын да білмейді.

Ержан Ерғалиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Мына машинадан ходовой дейтін ходовой қалмады. Көлік құралы ғой былай қарағанда. Жолдар тіпті шоқалақ. Жүрейік десек жүргізбейді. Мына жақтар дейтін пробка болады осы шоқалақ үшін. 

Жауаптылардың сөзіне сенсек, биыл орталық көшенің жолын жөндеу жұмыстары басталады. Жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, наурыз айының соңына дейін сараптамадан өтпек. Сонымен қатар көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған мердігер мекемеден кеткен қаражатты өндіріп алатындарын да жеткізді. 

Ернар Смағұл, Құлсары қаласының әкімі:

- 2019 жылы басталған ағымдағы жөндеу жұмыстары мердігер мекемемен сапасыз жасалуына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған болатын. Бүгінгі таңда аталған мекеменің үстінен ҚР азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес, бюджеттен бөлінген қаражаттарды өндіріп алу мақсатында талап-арыз берілді. Бүгінгі таңда аталған іс толығымен аяқталған жоқ.

Ауданда жиектегі жол белгілерінің де жағдайы нашар. Сыры кетіп, сынға іліккен. Тіпті соның салдарынан жол-көлік оқиғалары да болып жатыр. 

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин