Алматыдағы мейрамхана қожайындары: Шығынға белшеден баттық

Алматы қаласында қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдарына жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Бұл жөнінде бүгін қаланың бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысында жарияланды. Бірақ кафе мен мейрамханалар бұрынғыдай емен-жарқын келушілерді қабылдай алмайды. Себебі, індет өршіп барады. Мамандар жергілікті тұрғындарды карантиндік талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

Алып шаһар Алматыда індет басылмай тұр. Сондықтан да карантиндік талаптар күшейтіліп, қоғамдық тамақтану орындары өз жұмысын тоқтатқан болатын. Бұл жағдай кәсіпкерлерге ауыр соққы болды. Мейрамхана қожайындары: «алдын ала ескерту болмаған соң шығынға белшеден баттық», деп отыр.

Алмагүл Қилыбаева, кәсіпкер:

- Біз қоғамдық тамақтану орталығы болған соң азық-түлікті күн ерте алып қоямыз. Жағдайдың дәл бұлай ушығып кететінін білген жоқпыз. Бізге ешкім алдын ала ескерткен жоқ. Ал тапсырыс үшін жұмыс істеу бізге тиімсіз. Өйткені коммуналдық төлемдер қымбаттап кетті. Жұмысшыларға жалақы беруіміз керек. Тағы басқа шығындарымыз бар. Сол үшін жұмысты тоқтаттық. Енді жаздық алаңдар істейді дейді. Онда да шектеулер бар. 

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы бойынша қоғамдық тамақтану орындарының тек жазғы алаңдарына ғана жұмыс істеуге рұқсат етілді. Онда да отыратын орындар 50%-тен аспауы керек. Және үстелдердің арақашықтығы 2 метрден кем болмауы тиіс.

Мейіржан Сейдахметов, кәсіпкер:

-  Бұл проценттік көрсеткіш біздің жұмысымызды еш ақтамайды. Өйткені біздер аспазшы мен даяшылардың және күзетшілердің жалақысын төлеу керекпіз. Ал жаздық алаңға адамдар күнде келе бермейтіні тағы белгілі. Өйткені өздеріңіз көріп отырсыздар. Алматының ауа райы құбылмалы. Яғни, жауын шашынды күндері жаздық алаңның жұмысы мүлде жүрмейді.

Сондай-ақ Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысында «Ashyq» пилоттық жобасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне қайтадан рұқсат берілді. Олардың тізімі қала әкімдігінің сайтында жарияланған. «Ashyq»-пен жұмыс істейтіндердің қатарында компьютер, фитнес және бильярд клубтары бар. Санитарлық талаптарды сақтай отырып, боулинг орталықтар, бассейн мен сауна, SPA-салондар да жұмыс істей алады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Мұхит Құдықбаев