Қостанайлық медбике мемлекеттен тиесілі екі млн теңге өтемақысын ала алмай жүр

Гауһар Досова былтыр коронавирус өршіген тұста провизорлық орталықта алдыңғы шепте жүріп, аурумен күреске жұмылдырылған.

Сөйтіп науқастармен тікелей байланыста болған медбике ақыр аяғында өзі вирус жұқтырып алды. Әділдік іздеген медицина маманы енді сотқа жүгінуге мәжбүр. 

Медбике Гауһар Досова өткен жазда коронавирусқа шалдыққандарды инфекциялық бөлімде қабылдаған алғашқылардың қатарында жүрді. Емдеу мекемесінде күн-түн еңбек етті. Науқастармен тығыз байланыста болды.

Гауһар Досова, медицина қызметкері:

– Төрт ай бойы үйге бармастан сол орталықта істеп жүрдім. Ақшаны, айлықты бәрін алып жүрдім. Шілде айында мен ауырып қалдым.

Рентгенді тексеріс медбикенің өкпесі 50 проценттей зақымданғанын көрсеткен. Сөйтіп ол бір айдай емделді. Қолында еңбекке жарамсыздық туралы қағазы, құжат-хаттамалары бәрі түгел. 

Гауһар Досова, медицина қызметкері:

– Облыс әкімі Архимед Бегежанұлымен онлайн кездесуде болдым. Ол маған өзі сөз берді. Менің еңбекке жарамсыздық қағазымда G-18 кодировкасы тұрса, ақшаңызды аласыз деді. Министрлік бұл бұйрықты сәуір айында шығарды. Қазан айында алып тастады. Менің ауырғаным шілде-тамыз айымда. Протоколым бар. Онда эпидемиолог дұрыс жазған. Жұмыс орнында жұқтырып алды деген.

Медбике жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Айтуынша, өзінен бөлек сол кезде 10 дәрігер вирус жұқтырған. Соның ішінде төртеуіне өтемақы төленіпті. Ал қалғаны ақша талап етіп, әділдік іздеуден үміт үзген. 

Гауһар Досова, медицина қызметкері:

– Денсаулық сақтау министрлігі не үшін осындай бұйрықты шығарады? Төле алмайтын болғасын ба?Неге осы бұйрықты қайтарып тастайды? Менің білетінім, көп адам ақшаларын ала алмаған.

34 жыл еңбек өтілі бар медбикенің енді сотқа жүгінуден басқа амалы қалған жоқ. Алғашқы тыңдау бүгін өтті. Соңғы отырыс мамыр айының ортасына белгіленген. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы аталған мәселе бойынша сұхбат берген жоқ. Басшылықпен келісілген соң, жауап беретінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке барлық тиісті өтемақыны толық төлеуді тапсырған болатын. Президент екінші жартыжылдықта ғана бұл мақсатқа 150 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салған еді.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров