Коронавируспен ауырған азаматтар оңалтудан тегін өте алады

Коронавируспен ауырған ел азаматтары оңалтудан тегін өте алады. Ем-шара ақысы Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен төленеді. Оңалтуға жолдаманы әр адам жергілікті емханасынан алады. Өкпе мен тыныс алу жолдарынан бөлек созылмалы ауруларды емдетуге жеке дәрігердің анықтамасы қажет. 

Мамандар коронавирус індеті ауыр өткен науқастарға міндетті түрде оңалту шаралары қажет дейді. Ондай ем-домға учаскелік дәрігерлердің бағыты бойынша бара аласыз. Науқастар өз емханасы немесе жекеменшік клиникалардан аурудан кейінгі кезеңде тиісті ем-шараларын алады. Тіпті шипажайда емделуге де болады. Ол үшін таңдаған орталық медициналық сақтандыру қорымен келісім-шарт жасасқан болуы керек.

Нұрлыбек Қабдықапаров, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қалалық филиалының директоры:

- Науқас ковидтік госпитальден емделіп шыққаннан кейін өздерінің емханасы арқылы хабарлама береді. Емхана сол хабарлама арқылы науқастармен сөйлесіп, жолдамамен оңалту орталықтарына барып жата алады. Жекеменшік мекемелер мен мемлекеттік мекемелер арасында 45 оңалту орталығы бар. 20 мемлекеттік, 20 жекеменшік, 3-еуі республикалық КОВИД-тен кейінгі оңалту медициналық көмек ала алады.

Бұл бес жұлдызды қонақүй емес. Елордадағы жекеменшік оңалту орталығы. Мұнда шипажайлық ем-шаралар жасалады. Оларда да мемлекеттік тапсырыс бар. Яғни КОВИД-пен ауыр түрде ауырып жазылған науқастың толық сауығып кетуіне бар мүмкіндік жасалған.

Ақмаржан Қамысбай, реабилитолог-дәрігер:

- Бізге ковид-19-бен ауырған науқастар оңалтуға келеді. Порталмен медициналық сақтандыру қоры арқылы емделуге келеді. Осы жылдың басынан 200-ден аса кодивпен ауырған науқасты емдеп шығардық. Коронавируспен ауырған науқастардың көбіне созылмалы аурулары асқынады. Біз сол ауруларға комплекстік емлдеулер жасаймыз. 

Бұл орталыққа Нұр-Сұлтанмен қатар еліміздің әр түкпірінен емделушілер келеді. Олар үшін мұнда өкпе мен тыныс алу жолдарын қалыпқа келтіретін ем түрлері Медициналық сақтандыру қоры арқылы тегін жүргізіледі.

Оксана Гирич, қала тұрғыны:

- Мен коронавирус індетін ауыр өткердім. Сондықтан оңалту шарасы қажет болды. Жергілікті емханадағы дәрігеріме барып, жолдама арқылы порталға тіркелдім. Үш күннен кейін осы орталыққа жолдамамен келіп, ем-шара қабылдап жатырмын. Қазір денсаулығым едәуір жақсы.  

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, халықтың 97 проценті міндетті әлеуметтік медициналық сақтау жүйесіне қатысады. Яғни кез келген адам өзіне тиесілі ем-домды дәрігердің жолдамасымен тегін алуға құқылы. Оңалту шаралары жергілікті емханаларда да бар.

Мая Молдаханқызы, қалалық №14 емхананың терапевт дәрігері:

- Бізде күндізгі стационарлар бар. Сонда ары қарай қосымша ауруларына байланысты. Бұл ауру көп жағдайда қант диабеті бар, артериалды қысымы бар, жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдарда ауыр өтіп жатқаны белгілі. Сол ауруына байланысты күндізгі стационарға жолдама береміз. Диагнозы анықталған коронавируспен ауырғандықтан біз ақыл-кеңес беріп, денсаулығын нығайтуға жібереміз.

Ал биыл еліміз бойынша 620-ға жуық  ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алған. Оның ішінде 10 өңірде орналасқан 16 санаторий де бар. Егер дәрігер медициналық сақтандыру арқылы жасалатын қызметтерді көрсетуден бас тартса, 1406 номеріне хабарласып, арыз-шағым жеткізуге мүмкіндік бар.

Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы