Коронавирус салдарынан адамның есте сақтау қабілеті нашарлайды

Коронавирус салдарынан адамның есте сақтау қабілеті нашарлайды

Коронавируспен ауырған адамдар арасында есте сақтау және ойлау қабілеті нашарлағандар саны артқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ашушаңдық, күйзеліске түсу сынды салдары да бар екен. Бұл туралы бүгін Алматы психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев айтты. Дәрігердің айтуынша, коронавируспен ауырғандардың денсаулығындағы асқынулар аурудың өту деңгейіне тікелей байланысты. Психологиялық әлсіздік те дертті асқындырады екен. Мұндай жағдайда психолог көмегіне жүгінген дұрыс дейді мамандар. Таза ауада көп серуендеп, кітап оқу да психикалық ауытқушылықты қалпына келтіруге көмектеседі. 15 шілдеден бері аталған психикалық сауықтыру орталығында 864 адам емделіп, олардың жартысы аурудан құлан таза айыққан.

Сапар Рахменшеев, психикалық сауықтыру орталығының директоры:

- Қорқынышқа бейім адамдар тез ауырып қалады. Күйзеліске түскен адамның ағзасы қорғана алмайды. Мұндай адамдармен тек психологтар мен психиатрлар жұмыс істейді. Бұрыннан жүйкесі сыр бергендер де бізде ем қабылдайды. Біз оларға психиатриялық және медициналық көмек көрсетеміз. Нәтижесі айтарлықтай жақсы.