«Соңы экологиялық апатқа апарады». Минёр құрты Алматыдағы жасыл желекті құртып жатыр

Алматының жасыл желегі жойылып кетуі мүмкін. Табиғат жанашырлары «бұл мәселенің алдын алу қажет» деп дабыл қағуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы емен, талшын, үйеңкі ағаштары минёр құрты атты зиянкестердің кесірінен сыр берген. Олар ағашты ішінен кеміреді екен. «Мұндай қауіпті дер кезінде ескермесе, соңы экологиялық апатқа апарады», – дейді. Жасыл желекке жеткен қауіп туралы тілші тарқатады.

Алматыдағы ағаштар суарылмағаннан емес, дәріленбегеннен қурап жатыр. Табиғат жанашыры әрі ландшафт дизайнері Нелли Лаптева қаладағы жасыл желекті ішінен кеміріп жатқан зиянкестің салдары орасан екенін айтады. Белсендінің пікірінше, пандемия адамдармен қатар ағаштар арасында да жүріп жатыр. Минёр құртының көзін құрту үшін тыңғылықты жұмыс қажет.

Нелли Лаптева, табиғат жанашыры:

– Минёр құрты ағашты нәрінен айырады. Сондықтан қаладағы көптеген ағаштар өзінен-өзі қурап жатыр. Әсіресе талшын, емен, үйеңкі ағаштары қатты зиян шегуде. Сонымен қатар жүзім алқаптары да қурай бастаған.

Қаладағы жасыл желектерге жауапты Жасыл экономика басқармасының мәліметінше, қауіпті зиянкестер өткен жылы байқалған. Әкімдік өкілдері сол уақыттан бері «тиісті жұмыс атқарылып жатыр» дейді. Бұл іске биолог ғалымдар жұмылдырылып, минёр құртының таралу аумағы 30 процентке азайтылыпты.

Наталья Ливинская, қалалық Жасыл экономика басқармасының басшысы:

– Қысқаша айтсам, жасыл желекті кеміріп жатқан зиянкестерді жою үшін ағаштар биологиялық және химиялық қоспасы бар сумен дәріленуде. Нәтижесінде таралу аумағы кішірейіп келеді. Мысалы, Абай, Достық, Назарбаев даңғылдарында кеміргіштер азайды. Қазір Жетісу және Әуезов аудандарында анықталды.

Шенділердің пайымдауынша, минёр құртын толыққанды жою үшін 8-10 жыл қажет екен. Осы уақыт аралығында қураған ағаш шығынының орнын көшеттермен толықтырып отырмақшы. Бірақ көшеттерге де жақсы күтім қажет. Мысалы, былтыр отырғызылған 280 мың жас талдың 44 мыңы жерсіне алмаған.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов