СҚО-ның М.Жұмабаев ауданында астықтың бір бөлігі жиналмай қалуы мүмкін

Солтүстік Қазақстанда астықтың бір бөлігі жиналмай қардың астында қалуы мүмкін. Өйткені онсыз да уақыт тапшы осы мезгілде Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Александровское ауылының тұрғындары дау қуып жүр. Яғни өзге өңірден келген кәсіпкерге жер үлесін берген бірнеше адам комбайндарды тоқтатып тастаған. Енді астықты өздері жинап алмақ ниетте. Даудың басы неден шықты? Тұрғындар неге ашулы?

- Я планировал в понедельник заехать. Заедете, заведем уголовное дело.

Вячеслав Чернышов ала жаздай баптаған астығын жинай алмай дал. Себебі 110 пайшының кейбірі биыл жер үлестерін басқа өңірден келген фермерге бергенге ұқсайды. Шаруаның айтуынша, тіпті олар жиналыс ұйымдастырып, өздері басшы тағайындаған. Осылайша жаңадан сайланғандар енді жиын-терімге кедергі келтіріп жатыр. 

Вячеслав Чернышов,  фермер:

- Мен мамандандырылған экономикалық сотқа екі мәрте жүгіндім. Сот олардың жиналыстарын заңсыз деп танып, шешім шығарды. Бірақ ол әлі өз күшіне енген жоқ. 4 қыркүйек күні ораққа кіріспек болып едім, мені тағы тоқтатып тастады.

Ия, комбайндар алқапқа шыққан кезде бірнеше адам келіп, техниканың алдына тұрып алған. Осылайша егінге орақ салуға рұқсат бермепті. Содан бері жұмыстар тоқтап тұр. 

Сергей Ридингер, механизатор:

- Бірнеше адам жатканың алдына тұрып алып, жұмыс істеткізбеді. Менің үш балам бар. Болашағымды ойлап, бұрылып кетіп қалдым. Себебі ертең ана кісілер арандап қалса мен жауап беремін ғой. 

Ал екінші тарап та жақында техника әкеліп, дайын астықты жинап алғысы келген. Бірақ полиция оған жол бермеді. Шыққан шудан кейін комбайындары айып тұрағына қойылды. 

Максим Поляков, заң жөніндегі кеңесші:

- Бұл  жер «Астық» фермерлік қожалығына тиесілі. Оның басшысы Микеладзе Валентина Юрьевна. Біз оны қайта сайладық. Бәрі заңды. Бізде оны дәлелдейтін барлық құжат бар.  

Қазір екінші тараптың бұл тірлігіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Қайрат Омаров, М. Жұмабаев ауданының әкімі:

- Мен олардың екеуін де шақырып сөйлестім. Қазір ең бастысы, астықты қамбаға құйып алу  керек. Кейін сотта қай тарап жеңеді, сол бәрін алады. Болмаса екіге бөліп алыңдар деп. Бірақ екеуі де оған келіспей отыр.  

Ия, соттың қашанға дейін созылатыны белгісіз. Ал шаруа Вячеслав Чернышов болса екінші тараптың бұл тірлігін рейдерлік тартып алу деп отыр.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов