Түркістан облысында «Көшпенділер ойыны» өтіп жатыр

Түркістан облысының екі жүзден астам жасы ұмытылмайтын дәстүрлі ойында бас қосты. Аударыспақ, жамбы ату, асық ату мен қазақ күресінде кім мықтыны анықтады. Тіпті тоғыз құмалақ интелектуалды ойынынан да сайысқа түсті. 

Атқа қонған кіл мықтылар күш сынасып, ауырдарыспақ ойынында облыстың үздігін анықтауда. Сұр мергендер болса жүйрік тұлпарын сайлап жамбы атуда өз шеберліктерін көрсетті. Білекті жігіттердің ат үстіндегі спортын тамашалауға көрермен де көп жиналыпты.

Қарсыласын қағып түсіріп, ат үстінде білек күшін көрсету қызықты ойын болғанымен ортаға кіріп кетуге кез-келген жігіттің жүрегі дауаламайды. Сондықтан әр ауданнан сұрыпталған кіл мықтылар арнайы келген. Асық атып, интеллектуалды тоғыз құмалақ ойынында біліктілігі асқандар жеңімпаз атанды.

Айтпақшы қошқар көтеріп, жүлделі орынға ілігуге талпынған жастар көп. Салмағы 50 келі тартатын шопан атаны жүк көрмегендер жеңімпаз атануда. Сыйлыққа сол өзі көтерген қошқарды қанжығаға байлады. Жігіттердің боз кілемде қазақ күресінен күш сынасуы сайыстың көркін қыздырды. Жетісай ауданынан келген Исламбек қос мықтыны жерге жығып, бірден көзге түсті. Финалдық кезеңге жолдама алған ол ауданның түйе палуаны екен.

Исламбек Ильясқажы, палуан:

– Ата-бабамыздан келе жатқан спорт түрі ғой бұл. Қазақ күресі – қазақтың бренді. Қаншама мың жылдық тарихы бар. Осының арқасында ата-бабамыз соғыста да жеңген деп айта аламын. Самбо, дзюдамен айналысамын. Бірақ қазақ күресі өте қатты ұнайды.

Ауқымды сайыста қазақтың ұлттық тағымынан да дәм татуға болады. Киіз үйде арнайы жайылған дастарханға әжелер кеңесінің мәзірі қойылған. Келген қонақтарға тағамның түрі мен жасау технологиясы насихаттап, ынтымақ пен бірлікті үлгі етуде.

Ақжарқын Бақоразова, ауыл тұрғыны:

– Міне, бұның бәрі татулыққа, ынтымақтастыққа бастайды.  Бір-бірімізбен ара-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біздің ауданымыз – өте тату-тәтті, ынтымағы жарасқан аудан.

Қатысушыларды қызықтырған жүлделі орын мен бір жапырақ марапат қағазы емес. Айтуларынша, дәстүрлі мәдениет пен тарих теберігі маңызды. «Көшпенділер ойыны» тұрақты түрде жалғасын таппақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов