Сақ қорғандары қоқыс алаңына айналды

Алматыдағы сақ қорғандары қоқыс алаңына айналды.

Алатау ауданындағы обаларға адамдар тұмыстық және құрылыс қалдықтарын төгуді әдетке айналдырған. Тарихи мекеннің аянышты келбетін көрген белсенділер әлеуметтік желілерге жазып, жауаптыларды таба алмаған. Қоқысқа толған тарихи обаларға біздің арнаның түсірілім тобы барып, мәселенің мәнін анықтап көрді. 

Бұл 25 қазан күні тұрғындардың телефонына таспаланған көрініс. Индустриалды аймақтың жанында орналасқан обалардың төбесінен тағанына дейін қоқыс шашылып жатыр. Тұрғындардың әлеуметтік желідегі жазбасы жергілікті биліктің назарынан тыс қалған. Қоқыс әлі жиналмапты.

Сақ дәуірінен сыр шертетін обалар тұрғындар көрсеткен тұрмыстық қалдықтармен шектелмейді екен. Обаның көзге көп түсе бермейтін бөктерінде құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр. Мұнда сынған кірпіш, ағаш, пластик, бояу құтылары сынды қалдықтар төбе-төбе. Қоқыс қалдықтарының бір бөлігі өртеніп те кеткен.

Алатау әкімдігінің айтуынша, ауданда қараусыз жерлер көп болғандықтан адамдар күл-қоқысты жиі төгіп кетеді екен. Бұл әрекеттерін түнгі уақытта жасайтындықтан оларды ұстап, жауапқа тарту қиын. Бюджетке қатысу жобасы аясында аудандағы заңсыз қоқыс тастайтын аумақтарды тазалап, оларға кіретін жолдарды жабу үшін қазынадан 55 миллион теңге бөлінген. Жоспар алдағы жылы қолға алынбақ. Жергілікті әкімдік қорғандардың маңайын екі тәулікте тазалауға уәде етті.

Еділжан Нарматов, Алатау ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы:

– Бұл жерлер ауданның өзінің тазаланатын мердігер мекемесінің тазалайтын аумағына кірмейді. Бірақ қаладан ЧС арқылы техника аламыз және де сенбілік жасап осындай жерлердің бәрін, ауданда тек бұл емес өте көп төгіп кететін жерлер. Соның бәрін тазалап өтеміз.

 «Сақ обаларын қоршау, аумақтың тарихи маңызы бар екенін ескертетін тақтайшаларды қою қалалық Мәдениет басқармасының құзырында»,-дейді аудандық әкімдік өкілі. Ал, тарихи ескерткіштерді қорғауға атсалысып жүрген Ольга Гумирова бұл қалдықтар бірнеше күндік емес, айлар бойы жиналғанын айтады. «Бұл дегеніміз жергілікті биліктің тарихи мұраға бей-жай қарайтынын көрсетеді», – дейді.

Ольга Гумирова, қоғам белсендісі:

–Мен әлемнің бірқатар мемлекеттерінде болдым. Еуропа елдерінде археологиялық ескерткіштер қоршалып, айналасы көгалдандырылған. Тарихи аумақ үкіметпен қорғалып, күзетеліде. Бізде де осындай жерлерді демалыс орындарына айналдырып, тарихы туралы мағлұматтар жазып қоюға болады. Ал бізде құрылыс жұмыстары үшін тарихты бүлдіретіндер бар.

Сақ қорғандарына жауапты Алматы музейлер бірлестігінің мәліметінше, қорымдарды қоқыс тастушылардан, ластаушылардан қорғау әзірге мүмкін болмай тұр. Негізгі себептердің бірі – қорғандардың шашыраңқы орналасуы. Одан кейін далалы аймақ болғандықтан бақылау қиын екен. «Алдағы уақытта обаларға бейнебақылау камерасы немесе күзет қою мәселесі қала басшылығымен қаралады», – дейді.

Сержан Саров, музейлер бірлестігі директорының орынбасары:

– Өкінішке орай қоршауға келмейді, өйткені қорғандардың барлығы шашыраңқы орналасқан. Тізбек-тізбек болып әрбір қорғанның ара қашықтығы 500 метр, 600 метрден асады да қоршауға өте ыңғайсыз. Өйткені бұл далалық жерде орналасқан. Бірақ енді болашақта қала басшылығымен ақылдасып үлкен шешімдер қабылдайды деген ойдамыз.

Айта кетейік, қоқысқа толы обалар б.з.д. 5-3 ғасырларға тән. Аумақ Алматы қаласындағы 13 археологиялық ескерткіштің бірі саналады. Біздің ақпараттан кейін аудан әкімшілігі аумақты тазалап жатқандарын айтып, суреттерін жіберді. Дегенмен қорғандар тазалығы бір реттік тазалаумен шешім таппайтыны түсінікті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев