Қарағанды мектептеріне «Е-асхана» жүйесі енгізіле бастады

Қарағанды мектептеріне «Е-асхана» жүйесі енгізіле бастады

Ол арқылы ата-ана баласының асханадағы тамақ мәзірін көріп, қаржылық шығынын бақылап отырады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал жүйені пайдаланған оқушылар ұзын-сонар кезекте тұрмайды. Тіпті бірқатар жеңілдікке де ие болады. Бұл қосымша жақында қаланың барлық 180-ге жуық білім ордасына енгізілмек. Мектеп асханасында кассалық аппарат, ақпараттық монитор мен терминалдың тұруы о баста көзге оғаш көрінгені рас. Алайда оқушылар бұған тез бейімделіп алыпты. «Е-асхана» жүйесінің артықшылығын кез-келген оқушы қазір санап тұрып айтып береді.

Гүлім Ұмытқан, оқушы:

– Біз бұрынғыдай кезекте тұрмаймыз, барлық алған заттарға 10 процент жеңілдік болады. Мына жерде менің теңгерімім, яғни ата-анам салған ақша, тамақты алатын жеке «QR» кодым тұрады. Осында келіп, өзім қалаған тәтті тамақты ала аламын.

Гүлдана Нұрсұлтан, білім басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі күні облыс бойынша 1-4 сыныптар оқушысы тегін тамақтанады. Сонымен қатар осал әлеуметтік топтан шыққан баллларда тегін тамақтанады. Оның бәрі жүйелі ұйымдастырылған. Ас мәзірі қазақ ұлттық тағамтану академиясымен бекітілген.

Бұл қосымша ата-аналар үшін де тиімді. Балаларының не ішіп, не жегені, қаржыны қандай саудаға жұмсағаны олардың ұялы телефондарына «СМС» хабарлама арқылы келіп тұрады. Мамандар оқушылардың қалтасына ақша салып жүрмейтіні пайдалы болмаса, зиянын тигізбейді дейді.

Рустам Әбішев, ақпараттық жүйені әзірлеуші:

– Бұл жүйеде ата-ана өз аккаунтын ашып, кейін оған баласын тіркеп қояды. Кейін сол жерден баласының қаржыны қайда және қалай жұмсағанын, қандай тамақ жегенін көріп отыра алады. Сондай-ақ баласының картасына комиссиясыз ақша аудара алады.

Облыста бүгінгі күні 1-4 сыныпта оқитын 85 мыңға жуық оқушы бір мезгіл тегін тамақтанатындар қатарында. Бұл жүйе ең бірінші болып қаладағы № 101 мен 104 мектепке орнатылған. Алда тағы 20 шақты мектеп тұр. Кейін барлық 200- ге жуық оқу ордасының асханасы осындай жүйемен қамтылатын болады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев.