ҚР БҒМ мұғалімдердің айлығы қысқарады деген ақпаратқа түсінік берді

Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап педагогтердің еңбекақысы қысқаратыны туралы ақпарат тарады. Білім және ғылым министрлігі бұл хабарды жоққа шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Желіде тараған хабарламада еңбекақының 25% өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30% қосымша төлемдер алынып тасталатыны айтылған. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева «Жаңартылған білім беру мазмұны» үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленетінін айтты. Сонымен қатар келер жылдың қаңтар айынан бастап педагогтердің еңбекақысы тағы 25% көтерілетінін айтты. Тіпті ұстаздарға дәптер тексеру және сынып жетекшілігі үшін де үстеме ақы екі есеге өскен. Сондай-ақ тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болған.

Мөлдір Әбдуалиева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы:

– Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар келер жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша педагогтердің еңбекақысы тағы 25% көтерілетінін еске саламыз.

Айта кетейік, 2020 жылы мұғалімдердің еңбекақысы 25%, 2021 жылы тағы 25% өсті. Бұдан бөлек Президенттің қолдауының арқасында біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50% дейін ұлғайтылды.