Мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер көбейді

Мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер көбейді

Өскеменде 1991 жылы мемлекеттік тілде білім беретін екі-ақ орта оқу орны болатын. Оның өзі алыс аудандардағы қыстақта тұратын шопандардың балаларына арналған мектеп-интернат еді. Ал қазақ тілінде бір де бір балабақша болған жоқ. Ел тәуелсіздік алған соң мемлекеттік тілде білім беретін мекемелер бірінен соң бірі ашылды. Қазір Өскеменде 12 мектеп, 15 балабақша қазақ тілінде тәрбие мен білім береді. 

Тәуелсіздігім деп ән шырқап тұрған бұл бүлдіршіндер Өскеменде тұңғыш қазақ тілінде ашылған «Қарлығаш» балабақшасында білім мен тәрбие алып жатыр. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас мекеме қазір облыстағы білім беру сапасы жағынан бірінші орында тұр. Балабақша ұжымы 30 жылда 30 белесті бағындырғанын айтады. Алғаш ашылғанда мекеменің материалдық жағдайы да мәз болмаған. Бірақ егемендікке қуанған ел қазақша ашылған балабақшаға барын аямаған. Ал оқу-әдістемелік  бағдарламасын да сол кездегі ұстаздар өзідері жазған.

Қарлығаш Атыманова, балабақша директоры:

– Осы кезде педагогикалық ұжым қарап отырған жоқ. Мейілінше ұлттық тәрбие негізінде білім беру мақсатында авторлық бағдарламалар жасадық. Сол кездегі мектепке дейінгі мекемені басқарған Сүртікенов Айгүл Бірғалиқазының жетекшілігімен осы балабақша ешбір балабақшадан кем болмай жұмыс жасауымызға мүмкіндік туды.

Соңғы 10 жылда қалада бірнеше шағын аудан жаңадан бой көтерді. Соған сәйкес бір мың орындық 5 мектеп салынды. Былтыр ғана ашылған нөмірі 49 орта мектепте бүгінде 1300 оқушы қазақ тілінде оқып жатыр.

Айгүл Кәдірова, қалалық №49 мектептің директоры:

– Балалардың саны жалпы жылма-жыл өсуде. Биылғы жылдың өзінде 1-сыныптың өзіне 6 сынып қабылдадық. Ауылда кең сарайдай мектеп салынды. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында деп түсінеміз.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарымен салыстырғанда бала саны да екі-үш есеге артқан. Қазір тек Өскемендегі орта мектептерде 42 мың оқушы білім алып жатыр. Материалдық жабдықтау жағы да жақсарған. Жыл сайын кем дегенде жаңадан бір мектеп салынады.

Сәуле Алагөзова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Болашақта да мектептер салу жоспарланған. Алдағы уақытта әлі 4 мектеп салу жоспарда тұр. Өйткені бала саны жылдан жылға көбейіп барады.

Бала санының көптігі жағынан қазақ мектептері алдыңғы орында тұр. Қаладағы мемлекеттік тілдегі 12 мектептің барлығы да екі ауысымда оқиды. Ал енді салынатын мектептер тек мемлекеттік тілде  болмақ.

Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин