Еліміздің әр аймағында мемлекеттік ту түсірілді

Еліміздің әр аймағында мемлекеттік ту түсірілді
GOV.KZ

Елдің әр аймағында Жалпыұлыттық аза тұту күні қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етумен өтіп жатыр. Өскемендегі мекемелерде ту түсіріліп, волонтерлер зардап шеккен жандарға көмек көрсетуді қолға алды, деп хабарлайды Хабар 24.

Жалпыұлттық аза тұту күнінде Өскемендегі әкімшілік ғимараттары мен барлық әлеуметтік нысанда және коммерциялық мекемелерде мемлекеттік ту төмен түсірілді. Террористермен болған ұрыс кезінде өңірдегі 69 полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан әскерилері түрлі дәрежеде жарақат алған. Шығыс Қазақстан облысының жұрты жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан жандардың жақындарына қайғырып көңіл айтады. Жергілікті волонтерлар зардап шеккен барлық тұрғындарға моральдық және материалдық тұрғыда көмек көрсетуге дайын.

– Қаза тапқан адамдардың туысқандарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бәріміз бір болайық. Осындай қиын кезде бірлігімізді көрсетейік, ынтымағымызды көрсетейік. Мұндай қайғылы жағдай енді болмасын.     

– Біздер сабырға келуіміз керек. Аллаға шүкір Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев билікте үлкен өзгерістер жүргізіп жатыр қазіргі таңда. Үлкен саяси өзгерістер болып жатыр. Осының барлығының соңының Алла қайырын берсін. Алла жерімізге, елімізге тыныштық, жеңіс берсін деп дұға-тілекте болғанымыз абзал.

КУРСАНТТАР ҚАЗА ТАПҚАН ӘРІПТЕСТЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының курсанттары содырлардың қолынан қаза тапқан жауынгерлер мен офицерлерді еске алды. Оқу орнының ауласында өткізілген шараға болашақ құтқарушылардың барлығы қатысып, бір минут үнсіздік жарияланды. Білім алушылардың сөзінше, шейіт болған әскерилер мен полицейлер өз антына адал болды. Білім ордасының курсанттары тәртіп сақшыларымен бірге түн мезгілінде қала тыныштығын қадағалауға шығып жүр.

Байдәулет Дүйсенов, академия курсанты:

– Қаза тапқан оқу орнының курсанттарына және басқа да органда қызмет атқаратын отбасыларына көңіл айтамыз. Елімізде мұндай қайтадан қайталанбаса екен деп тілейміз. Осындай қиын-қыстау кезде әрдайым көмек беруге дайынбыз. Тыныштықты сақтау – бәріміз үшін маңызды.

ҚҰРБАНДАРДЫҢ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ

Қызылорда жұртшылығы да ланкестік шабуылдардың құрбандарын еске алды. «Еліміздің ең басты байлығы – Тәуелсіздік. Егемендіктен айырылу – елдің болашағынан айырылу, ұрпағымыздың келешегінен айырылу деген сөз», – дейді Сыр халқы.

– Жалпы аза тұту күні дегеніміз тек туды түсіріп қойып жүру деген емес, сол ел үшін құрбан болған кісілердің әруағын құрметтеуіміз керек. Жалпы аза тұту күнінде өмірдің, өлімнің не екенін түсіндіретін жағдай.

– Тәуелсіздігімізді тәрк етіп, егемендігімізді еншілегісі келген топтың әсері бүгінгі күні қаншама қыршын жандардың дүниеден өтуіне себеп болды. Ол кісілердің отының басына қайғырып көңіл айтымыз. Алла иманын саламат етсін.

Өткен күндердің әрбір сағаты, әрбір минуты ғасырға бергісіз болды. Тек халқымыздың бірлігінің арқасында осы сындарлы сәттен өтіп келе жатырмыз. Өкінішке қарай, халқымыздың қауіпсіздігі жолында қаншама батырымыз қыршын кетті. Бүгінгі аза тұту күні оларға лайықты құрмет көрсетуміз керек, – дейді тұрғындар.

Авторы: Дәурен Ақашұлы