Алматы облысында шаруа өзіне тиесілі жерді ала алмай жүр

Алматы облысында шаруа өзіне тиесілі жерді ала алмай жүр

Әкімдік берген жайылымды ала алмай жүрмін деген Алматы облысы Панфилов ауданының тұрғыны Мұхтар Ақынов арна тілшілеріне де шағымданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, оған инвестициялық жобамен 420 гектар жер 10 жылға жалға берілуі тиіс еді. Соның 360 гектары берілгенімен, 50 гектарынның мемлекеттік актісін әлі рәсімдей алмай отыр. Мұхтар Ақыновтың қысқы жайылымға қол жеткізе алмай жүргеніне бір жыл болды. Тиісті құжаттарым болғанымен, әкімдіктегілер өздері ұсынған жерді өздері жалға бермей отыр,– дейді шаруа.

Мұхтар Ақынов, шаруа:

– Инвест проектінің протоколымен қорғап келген. Енді мына жерде аудан комиссиясы оңды шешім берген. 50 гектарға. Міне, комиссияның қолдары. Міне, енді картасы қол қойылған. Енді құжат бойынша рәсімдейін десем, кедергі жасап отыр өздері.

Қожалық жетекшісі 2015 жылы оңтүстіктен 200 бас «Ордабасы» асыл тұқымды қойын әкелген. Содан бері шопан ата төлін көбейтіп, ұсақ мал санын 500-ден асырды. Қошқарларын сатып, несиесін жауып, қыстау салып жатыр. Оған көшсем, жайылым керек болады дейді. Ал әкімдіктегілер болса, жер тұрғындардың арызына байланысты берілмеді деп отыр.

Шухрат Құрбанов, аудан әкімінің орныбасары: 

– Ауыл азаматтарынан 28 адамнан арыз түсіп отыр. Сол жерді біз қоғамдық жерді мал жаятын жеріміз деп, ол жерді ешкімге беруге болмайды біз қоғамдық мал жаямыз деп. Сонымен ол тоқтап қалды.

Мұхтар Ақынов, шаруа:

– Бұл жерге ауылдың малдары бармайды. Әзірдің өзінде бағатын ешкім жоқ. Малдарын ешкім жоғары шығармайды. Әзірге қоғамдық жер 7300 га. Бәрі ауылдың жері. Мен өзімінің шаруашылығымды дамыту үшін инвестпроектпен ұтқан жерімді алам, соңына дейін барам.

Жер дауына қатысты ауданда арнайы жиын өткізіліп, тараптардың пікірі тыңдалды. Басқосуға келген өзге шаруашылық жетекшісі мен тұрғындар жайылымның жекеге берілуіне қарсы екенін айтып, әкімдіктің жұмысын сынға алды. Құжатта көрсетілген жерді ала алмаған шаруа енді аудан әкімдігінің үстінен сотқа шағымдануға бел буып отыр.

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов