Атырауда ерекше балалар көкөніс егіп, өнім жинап жүр

Былтыр арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жанынан тәрбиеленушілер үшін жылыжай ашылған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жылыжайда жұмыс жасау ерекше балалардың қол моторикасын дамытып, қоғамға бейімделуіне көмектеседі – дейді мамандар. Қазір жылыжайда 10 бала еңбек терапиясынан өтіп жүр.

«Адамды адам еткен еңбек» деген ескі тәмсіл бар. Ойшылдардан қалған осынау ұлағатты сөздің өміршеңдігіне мына жылыжайда еңбек етіп жүрген балалардың тірілігіне қарап көз жеткізгендей болдық. Орталық тәрбиеленушілерінің барлығы дерлік орталық жүйке жүйесінде кінәраты бар балалар. Сондықтан олардың ұсақ қол моторикасын дамытуда еңбек терапиясының маңызы зор.

Сара Қуанышева, педогог-дефектолог:

Балалар өздерінің ішіндегі энергиясын таратады және балалардың қызығушылығы да өте жақсы. Сол себепті неғұрлым іште отырғаннан гөрі балаларды ортаға қосу үшін өз еріктерімен жұмыс жасатып үйретіп жатырмыз.

250 шаршы метр аумақты алып жатқан жылыжайға төгілген тер текке кетпепті. Бүгінде мұнда қияр жинау науқаны қызған. Жиналған өнімдерді тәрибеленушілер өз қажетіне жаратады. Олар көкөністен түрлі тағамдар жасап үйренуде.

Анар Каюпова, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

– Барлық қажетті технологияларға сәйкестендіріп, жылыжайды аштық. Осы қиярды өсіріп болғаннан кейін бұрыш өнімін және қызанақ өсіруге мақсат қойып отырмыз. Балаларды еңбекке баулу мақсатында құс шаруашылығымен де айналысқымыз келіп отыр.

Қазір арнаулы мекемеде 78 ерекше бала ем қабылдайды. Олардың 10-ы жылыжай жұмысына тартылған. Жылыжайдағы жұмыс балалардың ой-өрісінің дамуына оң әсерін тигізетін көрінеді.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин