Сенатор: Бау-бақша шаруашылығын қолдау тетігі нашар

Сенатор: Бау-бақша шаруашылығын қолдау тетігі нашар

Қазақстандық диқандар ішкі нарықтағы жеміс-жидектің сұранысын 17%-ке жетер-жетпестей ғана қанағаттандырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенатор Әли Бектаев бау-бақша шаруашылығын қолдауға қатысты Үкіметтің жұмысын сынады. Атап айтқанда, елдегі бау-бақша өнімдерін өндірушілерді қолдау тетігі нашар. 15 жылдан бері осы саладағы 1 жарым мың шаруашылықтың 2 жарым проценті ғана жеңілдетілген несие алған. Ал екінші деңгейлі банктер тек 2 жобаны ғана қаржыландырыпты. Өсімдік шаруашылығына арналған субсидияның 0,2 проценті ғана бау-бақша шаруашылығының үлесіне тиген. Жалпы елде жылына 420 мың тоннадай жеміс-жидек өндіріледі екен. Ал әр адамға қажет жылдық норманы есептегенде оның мөлшері 2 жарым млн тоннадан асуы тиіс. Өнімділіктің төмендігі өз алдына арадағы делдалдардың кесірінен бау мен базар арасындағы баға 3 жарым есеге дейін өседі. Сенатор ауыл шаруашылығын дамыту концепциясында бұл мәселенің ешбірі қамтылмағанын айтып, кешенді шараларды қабылдау керегін жеткізді.

Әли Бектаев ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Заманауи талаптарға сай тиісті лабораториялармен қамтылған жаңа жеміс-жидек сорттарының көшеттерін өндіретін питомниктер желісін дамыту, оны ынталандыратын шаралар қабылдау маңызды. Сонымен қатар Қазақстандағы жеміс-жидек және жүзім, өсімдіктерді қорғау бағытында жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу институттарының қызметін интенсивті бау-бақша өндірісіне қарай түбегейлі бұру мақсатында тәжірибе жинақтаған шаруашылықтарға бекітуді қолға алуды ұсынамыз.