Павлодар облысында төрт мыңдай жұмыс орны бос тұр

Павлодар облысында төрт мыңдай жұмыс орны бос тұр

Аймақта дәрігер, мұғалім, агроном, ветеринар тапшы.

Әсіресе, ауыл шаруашылығына сұраныс көп. Мамандар мәселені ішкі көші-қон бағдарламасы арқылы шешуге мүмкіндік барын айтады. Сондықтан Павлодар облысы биыл қоныс аударушыларды қабылдайтын аймақ болып бекітілді.

Түркістан облысының Жетісай ауданында туып өскен Гүлжан Кумышеваның Павлодар облысына көшіп келгеніне үш жыл болды. Медициналық білімі бар маман тұрақты жұмыс таба алмапты. Алты баланы 35 мың айлықпен асырау қиын болған соң тез арада шешім қабылдап, Павлодар облысына көшіп кеттім. Оған еш өкінбеймін дейді өзі.

Гүлжан Кұмашева, көпбалалы ана:

- Балаларымның оқығаны керек болды. Өйткені менде 4 ұл. Төрт ұлдың әрқайсысы диплом алып, келешекте өз отбасын бағу керек.

Павлодар облысының суығына  бейімделіп қалған Гүлжан бұл жақта көп балалы аналарға ерекше құрметпен қарайтыны ұнады дейді. Жергілікті әкімдік үйіне суды тегін өткізіп беріпті.

Гүлжан Кумашева, көпбалалы ана:

- Бір үйде үш келіннен тұрып жатады оңтүстікте. Солар қоныс аударып, жұмыспен қамту орталықтарымен жұмыс жасаса, үйлер беріліп жатыр. Бұл жақта от жағудан қиналамын демесе, күл аламыз, оған да үйрендік.

Ауылдық амбулаторияда зыр жүгіріп жүрген медбике Аида Рысқұл үшін де туған жерден жырақ кету оңайға соқпаған. Оңтүстікте жұмыс істеуге талпыныс жасағанымен нәтиже болмапты. Жас маман көңілін құлазытқан жәйтті бүгіп қалмады.

Аида Рысқұл, медбике:

- Мен өзім өтініш тастадым. Ақша сұрады. Мен ол ақшаны тауып бере алмаймын.

Павлодар ауданының Набережное ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа тұрған Аида жаңа жерге аға-жеңгесін бес баласымен көшіріп алыпты. Қалаға жақын тұрған елдімекенде өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған. Сондықтан жұмыс жағынан қиындық жоқ. Биыл аудан 55 отбасын қабылдайды. Халық саны 220 адамға көбейеді.

Кенжетай Кәдікен, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің көші-қон бағдарламасы бойынша маманы:

- Бағдарлама бойынша келген отбасыларға біздің субсидияларымыз бар. Ол бір адам басына 70 АЕК мөлшерінде субсидия. 214 мың 414 мың теңге адам басына төленеді. Ол жолақысы субсидиясы деп аталады. Одан басқа 12 айға үйді жалдап тұру ақысы бар. Ол шығындарын өтейді, қайтарады үкімет тарапынан. Отбасындағы адам санына байланысты болып келеді, 45 мың теңгеден 64 мың теңгеге дейін төленеді.

Бүгінгі таңда Павлодар облысы қоныс аударушыларды қабылдайтын аймақ болып бекітілген. Ағымдағы жылы ішкі көші-қон бойынша 2800 адамға аймақтық квота қарастырылған. Тағы 800 квота қандастарға бөлініп отыр. Қазірдің өзінде басқа өңірлерден көшіп келуге 220, қандастардан 30-ға жуық өтініш түсіпті.

Нұрдан Әшімов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Павлодар облысында бүгінгі таңда 4 мың бос жұмыс орны бар. Олардың ішінде ауыл шаруашылығына қажет мамандар, қызмет көрсету саласы, техникалық мамандар сол сияқты дәрігерлер мен педагогтар аса сұранысқа ие. Облыс мектептеріне 700-тарта мұғалім керек.

Еңбек бағдарламасы басталған бес жылда Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарынан 9 мыңдай адам Павлодар облысына қоныс аударған. Кейін олардың 450-і басқа жаққа ауысыпты. Олардың қатарында мектеп бітірген түлектер және қызмет бабымен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына көшіп кеткендер бар.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат