Диқандар көктемгі егін себу науқанына дайындықты бастады

Қостанайлық шаруалардың көңілі күпті. Биыл да құрғақшылық бола ма деген қауіп жоқ емес. Өйткені синоптиктердің болжамынша, наурыз-мамыр айларындағы  ауа-райы өткен жылғыға ұқсас, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Бүгінде еліміздің оңтүстігіндегі диқандар көктемгі егін себу науқанына кірісіп кетсе, ал солтүстік өңірдегі шаруалар қажетті техникасын дайындап, егіске дейінгі топырақты өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Қазір диқандар мен шаруалар дала жұмыстарында тыным таппай, бел жазбай еңбек етіп жатыр. Енді сол еңбек текке кетпесе деп тілейді. Себебі, биыл да ауа райы жарылқай қоймайтын сыңайлы.

Былтыр мамырдың ортасында 35 градус ыстық болып, топырақтың қабаты 10 сантиметрге дейін құрғап қалған еді. «Сондықтан шаруалар шығын көп болады, қосымша көмек керек» дейді.

Эдуард Двуреченский, шаруа:

Несиелеу бойынша параметрлерді қайта қарау керек. Мысалы, «Кең дала» бағдарламасы сәйкес гектарына 24 мың тенге қаралаған. Бұл өте аз. Биыл бидайдың тоннасына кететін шығын 80-90 мың тенге шамасында.  Оған тағы техника, тыңайтқыштардың қымбаттап жатқандығын қоссаңыз тіпті шарықтап кетеді. Сондықтан көктемгі егісті жақсы өнім алатындай барлық технологияларға сай өткізу үшін қосымша демеу қаржы қажет.

Қостанай өңірінде биыл 4 миллион 800 мың гектар алқапқа дән себілсе, тағы бір астықты аймағымыз – Ақмолада диқандар 5 млн гектардан астам жерге егін егуді көздеп отыр. Бірақ шығымы қалай боларын болжап айту қиын. Ақмолалық шаруалар да «құрғақшылық қысуы мүмкін» деп алаңдаулы. 

Виктор Чмерев, серіктестіктің атқарушы директоры:

– Биыл қар аз болып тұр. Көктем де ерте шығады деген болжам бар. Сондықтан бар қарды егістік алқабында барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Оның үстіне тағы да құрғақшылық болады деген қауіп бар. Сол үшін қуаңшылыққа төзімді тұқымдарды сатып алдық.

Екі жыл қатарынан қуаңшылық болғандықтан биыл шегіртке қаптап, арамшөп қаулауы кәдік деген де болжам бар. Оған қарсы тұруға бәрінің бірдей шамасы жетпейді. Жығылғанға жұдырық болғандай, пестицидтердің бағасы 2020 жылмен салыстырғанда едәуір өсіп кеткен. Үкімет отырысында премьер-министр «тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ін субсидиялаймыз» деді.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

– Индустрия министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін минералдық тыңайтқыштарды өндірушілермен жұмыс жүргізсін. Тыңайтқыштардың бағасы биыл екі есе өсті. «Казфосфат» пен «Казазот» бірден бағаны көтерді. Мұнымен біз келісе алмаймыз. Әрине олардың өздерінің инвестициялық бағдарламалары бар. Модернизациялау жұмыстары жоспарланған. Біз оны қолдаймыз. Бірақ бағалар бірден өспеу керек.

Елде тыңайтқыш 12 зауытта шығарылады. Соның ішінде екі ірі кәсіпорын бар. Ол Үкімет басшысы атаған «Қазфосфат» пен «Қазазот». Сол он екі кәсіпорын қосылып, 1 миллион 100 мың тонна тыңайтқыш шығарады екен. Ал біздің шаруалардың жылдық сұранысы 660 мың тонна ғана. Яғни өзімізді тыңайтқышпен толық қамтамасыз ете аламыз. Бірақ, шетелдерде құны қымбат болған соң тыңайтқыштың дені экспортталады. Сөйтіп, өз шаруаларымызға жетпейді. Жетпеген соң қымбаттайды.

Ермек Әбуов, Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

Бұл қымбаттаған біріншіден бұрын алушылардың саны мынадай болатын болса, бұл қазір күрт төмендеуі мүмкін. Ол өз кезегінде егіннің шығымының азаюына, басқа да мына шөптің шығымы бар, көкеністің шығымы бар, бәрінің оның өнімінің азаюына әкеліп соқтырады. Өйткені мына тыңайтқыш дегеніміз бұл әсер береді. Отандық өндіріп жатқан «Казазот» бар ғой, оларды толығымен мынау біздің жергілікті фермерлеге бұру керек. Оларды қамтамасыз етпей, экспортты тоқтата тұру керек. Қамтамасыз еткеннен кейін экспортқа шығара берсін.

Биыл ел бойынша 23 миллион 100 гектар жерге дән себіледі. Бұл былтырғы көрсеткіштен 125 мың гектарға артық. Өндірісті әртараптандыруға басымдық берілген. Мәселен, бидай алқабы 285 мың гектарға азаяды. Есесіне жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3 миллион 600 мың гектарға жетеді. Бұл былтырғы қуаңшылықтан алған сабақ болса керек.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

Өткен жылы еліміздің кейбір аймақтарында жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша проблемалар болғанын білеміз. Биыл бұл жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан азық-түлік келісімшарт корпорациясы форвардтық сатып алу аясында шаруашылықтарды осы жұмысқа ынталандыруы керек.

Көкөніс өсірумен айналысатын Владимир Семейкин  техникасын сайлап, көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті бастап кетті. Шаруашылық 360 гектар суармалы жерде қырыққабат, картоп, қызылша және сәбіз егеді. Шаруа «бүгінде аймақтағы көкөніс бағасы қалыпты болғанымен, күзде қымбаттауы мүмкін» дейді.

Владимир Семейкин, шаруа: 

 Қазіргі нарықтық баға  біз өсіретін өнімнің өзіндік құнына әсер етері анық. Яғни қымбаттатуға мәжбүрлейді. Бірақ отандық азық-түлік тауарларын өндіретіндер үшін биыл әлемдік экономикада қолайлы конъюнктура қалыптасып отырғандығын жоққа шығаруға болмайды. Соны пайдалана білуіміз керек.

Яғни айтпағы, осы жылы ауылшаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік бар. Ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда. Сондықтан биыл әлеуметтік маңызы зор өнімдердің көлемін ұлғайту міндеті тұр. Суды көп қажет ететін мақта мен күріш сияқты дақылдар азайтылады. Мәселен күріш алқабы 6,5 мың гектарға қысқартылады. Есесіне зығыр, күнбағыс, картоп, қарақұмық алқаптары ұлғайтылмақ.

Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі:

– Өткен жыл көрсеткендей, алдын ала жоспарлау және қажетті дақылдардың алқаптарын ұлғайту жұмыстары нәтижесін беріп жатыр. Мысалы, 2020 жылы қарақұмық алқабы 50 мың гектарға ұлғайтылып, нәтижесінде нарықта жарма тапшылығы байқалмады. Қарқынды жоғалтпай 100 мың га қарақұмық егісін келесі жылы да сақтау қажет.

Осы ретте үкімет басшысы «сұранысы жоғары дәнді дақылдардың егістік алқабын ұлғайту керек», – деді.

Өнімді көп беретін және экспортқа шығатын дақылдарды егуге айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтты. Бұл тек бидайға иек артпай, диқандарды өзге дақылдарға ден қоюға ынталандырмақ.

Дәуренбек Әбілда, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің бас сарапшысы:

– Бұл орайда картоптың көлемін 5 мың гектарға, қарақұмық былтырғы деңгейде қалады. Сосын майлы дақылдардың көлемі әсіресе нарықта жоғары сұранысқа ие күнбағыс дақылының көлемі және қытай бұршағының көлемін 41 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сол сияқты көкеніс өнімдердің көлемі де 1,4 мың гектарға артады деген межеміз бар.

Картоптан көл-көсір пайда бар. Мәселен, тек бір ғана Өзбекстанның өзі бізден 300 мың тонна картоп сатып алуға дайын. Сондықтан бірінші вице-министр картоп алқаптарын кеңейту керек деп отыр.

Енді науқан жайында жалпы ақпарат. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144 мың трактор, 4 мың 700-дей өнімділігі жоғары егіс кешені, тұқым себетін 77 мың техника бар. Егіс жұмыстарына 400 мың тонна дизель бөлінген. Бұл былтырғы мөлшерден 20 мың тоннаға артық.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– 2022 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 212 мың теңгені құрайды. Бұл литріне 176 теңге. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін болжамды баға шекті бекітілген бөлшек сауда бағаларынан төмен. Бұл орташа алғанда 15-30%-ке арзан.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Алда туындауы мүмкін сын-қатерді ескеріп, үкімет егіс пен орақ науқанына бөлетін қаржыны биыл 2 есеге ұлғайтып отыр. Негізгі қаржыдан бөлек, республикалық қазынадан қосымша 70 млрд теңге бөлінеді. Енді сол қаражат диқандарға дер кезінде жетіп, мақсатты түрде игерілсе игі. Себебі, «бақпаса мал өспейді, баптамаса егін өспейді.