Ақтөбеде көктемгі су тасқынына қарсы шаралар күшейтіліп жатыр

Облыс орталығындағы үш ықшамаудан мен шаһарға жақын 4 елді мекен су басу қаупі жоғары аумақта орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан маусымдық кезеңде құрылған штаб күні-түні жұмыс істеу режиміне көшті. Қаладағы «Мәскеу» деп аталатын ықшам аудан тұрғындарының көктем келсе, қолдарынан күрек түспейді. Аулалары мен үйлеріне су кірмес үшін жыра жасап әлек болады. Айтуларынша, биыл біраз тер төгуге тура келеді. Өйткені қыстай көше бойында жиналған қар уақытылы алынбаған. Сондықтан күн күрт жылынса, топан су келе ме деп алаңдайды.

Үзілдік Қартжанова, қала тұрғыны:

– Ана жылы су келгенде қиналдық. Үйімізге су кіріп кетті. Содан кейін ондай қиындық көрген жоқпыз. Бірақ әйтеуір жан-жақты балалар күрейді, алады. Менің қасымда екі үй бар, сол екеуі суға кетеді жылда. Алып жатады жаңағы су тартатын машиналар. Сонда да енді алынбай қалған жерлер болады, қарлар. Көбісінде көршілер алынбайды, тастап кетеді.

Алтай батыр көшесіндегі тұрғындар да еріген қар суының ағысын бақылауды күшейтіпті. Себебі аула алдынан өтіп жатқан жол бірер жыл бұрын жаңарып,  биіктеп кеткен. Салдарынан көктем келсе, су үйге қарай ағады. Сондықтан мұндағы жұрт жауапты ұйымдардан көмек күтеді.

Ұлықбек Қожаниязов, қала тұрғыны:  

– Бізге құм керек, «Камазбен» төгу керек құмды. Арық керек, оған жоқ арық. Су қайда кетеді? Кетпей жатыр судың бәрі.

Бұдан өзге, «Сүт зауыты» және «Құрмыш» мөлтек аудандары да су басуы мүмкін аумақтарда жатыр. Ал қалаға жақын орналасқан Ақшат, Жаңақоныс, Думан секілді елді мекендердегі жағдайда назарға алынған. Мамандардың айтуынша, аталған ауылдардағы өзендердің арналары мен арықтар  уақытылы тазартылғанымен, су тасуы мүмкін. Сондықтан арнайы құрылған штаб қаладан өзге, ауылдықтардың да өтініш- тілегін қабылдап, жедел әрекет етуге дайын.

Серік Дәулетов, қала әкімі аппаратының бөлім басшысы:

– Штаб күндіз-түні жұмыс жасайды. Ақтөбе қаласының тұрғындары хабарласып, өздерінің шағымдарын да айтуға болады. Комиссиялық біріншіден тексеріледі. Тексерілгеннен кейін сол жерде шешім қабылданады. Су сору керек болса, су сорамыз. Құм керек болатын болса, құмды апарып береміз. Сондай тиісті шаралар жүргізілетін болады. Бүгінгі күні 4 мың куб инерттік материалдар дайын тұр. Сонымен қатар, екі жарым мың дана қапшықтарымыз дайын тұр.

Жалпы қыс бойы облыс орталығынан 270 мың текше метр қар шығарылған. Ал көктемгі су тасқынына қарсы шараларды енді қала бойынша екі мердігер мекеме жүргізбек. Олардың меншігіндегі ондаған арнайы техникадан өзге, жер қазатын және тегістейтін көліктер де көмекке дайын. Бұл маусымдық жұмысқа биыл 210 млн теңге бөлінген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев