Президенттің Жетісу облысын құру туралы ұсынысы қоғам талқысында

Президенттің Жетісу облысын құру туралы ұсынысы қоғам талқысында

Алматы облысының депутаттары Президенттің Жетісу облысын құру туралы бастамасын бірауыздан қолдады. Қазір бөлінетін өңірлерде талдап-талқылау, сараптау жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін қапшағайлық депутаттар қалаға Дінмұхамед Қонаев есімін беру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл аймақта штат санын қайта бөлу және мемлекеттік органдар орналасатын ғимараттарды айқындау жұмыстары басталды. Бұрынғы Алматы мен Талдықорған облысы 1997 жылы біріктіріліп, орталығы Алматы қаласы болған еді. Президент Жарлығымен 2001 жылы облыс орталығы Талдықорғанға көшірілді. 90 жылдардағы тоқырау кезеңінде тұралап қалған қала содан кейін қайта түлеу кезеңіне қадам басты. Талдықорған өңірі бұл күнде түрленіп, адам танымастай өзгерген. Алматы еліміздегі ең үлкен облыстардың бірі болғандықтан оны екіге бөлу туралы бастама көтерілді. Қазір Президенттің бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Әміре Әрін, ақын:

– Өтпелі кезең, қиыншылық көп болды экономикалық тұрғыда, әлеуметтік тұрғыда. Ал енді қазір өз қалпымызға келгенімізде экономикамыз бекіп, жан-жағымызға жіті көз қарап, еңсеміз көтерілген кезінде облыстардың ашылуы, әрине, біздің көңілімізді көншітеді.

Сандуғаш Дүйсенова, журналист:

– Жеке өз басым облыстың бөлінгеніне қарсымын. Өйткені мен сізге бір ғана цифрды келтірейін. Талдықорған аумағы бүкіл Алматы облысының 16 процент қана түсімдерді түсіріп отыр налоговый. Ал тек қана Іле ауданы 47 процентін салып отыр. Сол кезде былай салыстырсаңыз, ең мықты-мықты аудандар Іле, Қарасай, Талғар аудандары Алматы облысына көшіп кетеді де, біз жай ғана ауыл шаруашылығының арқасында қалуымыз мүмкін.

Мейрам Базарұлы, журналист:

– Керемет жаңалық. Біріншіден, Жетісу өңірінде үлкен зауыт-фабрикалар ашылатынына ешқандай күмән жоқ. Өйткені бұл облыс ауыл шаруашылығы негізінен, ал енді ірі кәсіпорындар ашылатын болса, бұл облыс өркендейді. Жетісу өңірі шағын, әдемілене түседі. Ал енді Алматы облысының Қапшағай қаласына көшірілуі тіптен керемет.

Қапшағай қалалық мәслихатының депутаттары қалаға Дінмұхамед Қонаев есімін беру туралы бастаманы бірауыздан қолдады. Алматы облыстық мәслихатының депутаттары да өңірді екіге бөлу туралы бастаманы қуаттайтындарын жеткізді. Қалыс қалған ешкімді байқамадық. Осылайша жаңадан құрылатын Жетісу облысында 8 аудан, 2 қала болады. Оның бірі – моноқала. Ал Алматы облысының аумағына 9 аудан, бір қала кіреді. Әкімшілік орталық сәйкесінше Талдықорған мен Қонаев қалалары. Жергілікті атқарушы билік тарапынан ұлттық экономика министрлігіне Жетісу облысы құрылуына байланысты қосымша 448 бірлік штат ашу туралы ұсыныс жолданды.

Қанат Бозымбаев, Алматы облысының әкімі:

– Алматы облысын бөлу жөніндегі міндеттің орындалуы екі өңір экономикасының дамуына теріс әсер етпейді. Керісінше, 2025 жылға дейін бекітілген жоспарлы көрсеткіштерді елеулі ұлғайту үшін қосымша жаңа мүмкіндіктер пайда болады.

Қосымша шығыстың дені Алматы облысының орталығын Қапшағайға орналастыруға қатысты болады. Шығын көлемі есептелгеннен кейін республикалық қазынадан қажетті қаржы көзін бөлгізу мақсатында бюджеттік өтінім беріледі.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов