Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді

«AMANAT» фракциясының мүшелері Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов іс сапармен Ақтөбе облысында болып, тасқын судан зардап шеккен жерлердің және тұрғындардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс депутаттары азаматтарды мектеп ішінде уақытша ашылған эвакуациялық пунктте қабылдады. Сондай-ақ депутаттар өз атынан жүк көлігімен азық-түлік, балалар тамағы, киім-кешек және дәрі-дәрмек сынды аса қажетті керек-жарақ бойынша гуманитарлық көмек жеткізді. Депутаттар Ақтөбе, Сазды, Қарғалы су қоймаларында болып, тасқын шайып кеткен нысандарды аралап, қалпына келтіру, алдын алу мәселелерін талқылады. Халық қалаулыларына берілген алдын ала ақпаратқа сүйенсек, су тасқыны басталған мерзім ішінде Ақтөбе облысы бойынша барлығы 119 үйді су басқан. Соның 41-і тұрғын үй,  78-і саяжай. 300-ден астам адам апаттан құтқарылып, қауіпсіз жерлерге көшірілді.

Аманғали Бердалин  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Біз Ақтөбе өңіріндегі жағдайды өз көзімізбен көріп, зардап шеккен тұрғындармен кездесу үшін елордадан арнайы келдік. Жергілікті атқарушы органдармен үнемі байланыстамыз. Зардап шеккен отбасыларға тиісті көмек көрсетіледі. Бұл жағдай Мәжіліс депутаттарының жіті бақылауында болады.