Ақтаудағы инженерлік желілердің 82%-ке жуығы тозған

Былтыр қалада 2 мыңға жуық апатты жағдай болып, құбыр жарылған. Соның салдарынан тұрғындар ыстық су мен жылуға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Ақтаудың жыр болған мәселесі. Жылыту маусымы басталғанда және аяқталғанда ыстық судың түсі қоңыр, қара болып ағады. Тұрғындар шағымданып шаршағанын айтады. Мүлде су болмай қалғаннан жақсы, – дейді. Алайда соңғы уақытта бұл да қалыпқа айналып барады.

 Ыссы су жоқ, отопление айырып тастаған, көп проблема болмайтын еді, соңғы кезде су тоқтап жүр, Туристік қала болғаннан кейін ыңғайсыз болады Каспийдің жағасында отырып. 

 Балалар мұздай суға жуына алмайды, шәйнекпен су ысытып отырмыз, жуынғанымыз жоқ.

Балаларға қиын, өзімізге де қиын, 1 апта су жоқ болғаны, арасында мұздай су да болмай қалады. 

Коммуналдық мекеме мамандары да қалада судың жиі тоқтайтынын растайды. Өткен жылы 1500-ден астам апат болған. Ал бір апта бұрын арнайы сынақ жүргізіліп, тағы 45 жерден ақау табылған. Қазір қаладағы бірнеше шағынауданда ыстық су жоқ.

Жасұлан Сүйіншалиев, «Каспий жылу, су арнасы» КММ басшысы:

– Былтыр инженерлік желілерді жөндеуге 1 миллиард теңгеден астам қаражат кетті. Күніне орта есеппен 5 апаттық оқиға болады. Салдарынан тұрақты сумен және жылумен қамтамасыз ету мүмкін болмай тұр. Бір жағынан халыққа тариф те төмен. Тұтынушылардың төлемдерді уақытында төлемеуі салдарынан мекеме 422 миллион теңге көлемінде шығынға ұшырады. Техника ескіріп тұр, сондықтан кейде жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетеді.

Ақтаудағы инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 1232 шақырымды құрайды, оның 82 проценті тозған. Мамандар 1-шағынауданнан 29-шағынауданға дейінгі инженерлік желілер жаңартуды қажет ететінін айтады. Осыған орай арнайы жоба әзірленіп, жұмыс тобы құрылған. Барлық құбырларды жаңғыртуға шамамен 194 миллиард теңге қажет.

Нұрлан Орынбасаров, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі таңда 5 жобаны жобалық-сметалық дайындау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы алғашқы ретінде жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстары көзделіп отыр. Тұрғындар ыстық судың сапасына наразылық білдіріп отыр. Тағы 3 жоба сумен қамту және кәріз желілері бойынша 3 жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстары іске асуда. 

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

– Ақтауда жылыту маусымы басталысымен ыстық су мен жылу қалаға бір құбырмен келіп, бір құбырмен кері қайтады. Апат болған жағдайда біреуі тоқтап, ыстық су циркуляциясыз суық болып келеді. Ал жаңғырту жобасы аясында енді жабық жүйе жасалмақ. Ыстық су мен жылуға екі бөлек құбыр жасалады.

Биыл алдымен 1 және 6-шағынаудан аралығындағы 67 шақырым жылу құбырын диаметрі 220 см заманауи полиэтилен құбырларына ауыстыру жоспарланып отыр. Ал келесі жылы 11-15, 22-29 шағынаудандардағы инженерлік желілер ауыстырылады.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев