Алтай ауданындағы «соғыстың соңғы куәгері»

Василий Рудамётов әскер қатарына іліну үшін Өскемен қаласына дейін 300 шақырым жолды жаяу жүріп өтіпті.Сөйтіп оттай жанған 17 жасар жігіт алдымен Башқұртсандағы оқу-жаттығу полкіне түсті. Одан соң жүк поездымен бір ай бойы жүріп Моңғолияға жетеді. Ақыр соңында Хинган тауын басып өтіп, Қытай шекарасында Жапон әскерімен арадағы кескілескен шайқасқа тап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Василий Рудамётов, соғыс ардагері:

Құз шыңдардың үстімен соғыс көліктерін өткізу деген ең қиын жұмыс болды. Танкілердің бірін тіркеп, екіншісін түсіріп, тағы бірін көтеріп жатты. Хинган шыңдарын солай астық. Жапония тіпті осыншама ауыр техниканы тау асырып алып өтеді деп ойлаған да жоқ.

Осылайша  асқан төзім мен жанкештіліктің арқасында жауынгерлер жеңісті жақындатты. Күтпеген жерден шабуыл жасап, дұшпанды тізе бүктірді.

Василий Рудамётов, соғыс ардагері:

Сол жердегі бір қаланы алар кезде бізге соғыс аяқталды деген хабар жетті. Бұл мен естіген ең керемет сөз еді. Аман есенмін,туған туысымды көремін,махабатыммен жолығамын деген бір жып-жылы арман бойымды жайлап алды.

Арманына жетті де. Құдай қосқан жарымен жарты ғасырдан астам ғұмыр кешті. 5 бала тәрбиеледі. Қазір қария денсаулығын күтіп, қамын жасап отырған қызы мен күйеу баласының қолында.

Людмила Ануфриева, ардагердің қызы:

Әкемді әрқашан мақтан етемін. Өзі сондай мейірімді, адал, еңбекқор адам. Ортамызда жүре берсе екен.

Қарт жауынгер құрмет-қошеметтің ортасында.Туыстары мен көршілері,оқушылар мен жастар оны үнемі мейраммен құттықтап, келіп кетіп жатады.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов