Павлодар облысында су тапшылығынан бау-бақша зардап шегуде

Судың жоқтығынан Сәуле Буланованың шағын бақшасы кеуіп қалған. Тұрғындар екі аптадан бері Ертістің суын ішіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйдің жанындағы құлпынай, қияр мен қызанақты суару түгіл, ішетін су тапшы. 

Сәуле Буланова, Набережное ауылының тұрғыны:

– Суды бөшкеге құямыз, кейін ол тұнуы керек. Кейін сүзгі құралына құйямын да қайнатамын. Бұл суды ас әзірлеуде және кір жууда пайдаланамыз. Бұл бөшкеде 200 литр су бар. Күнбе күн 40 литрден тасымалдаймын.

Набережное ауылында екі мың тұрғын бар. Су тарату станциясы жиі істен шығады. Бұл проблема тұрғындарды титықтатып жіберген. 

Павлодар қаласының іргесіндегі Набережное ауылында орталықтандырылған су жүйесі осыдан үш жыл бұрын пайда болды. Жобаны жүзеге асыруға 600 млн теңге бөлінді. Су беру станциясы қазіргі уақытта кедергілермен жұмыс істеп тұр. Сондықтан тұрғындар суды Ертістің арнасынан осылай шелектеп алуға мәжбүр.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, орталық станцияда жұмысшы жоқ. Жалақы аз. 50-60 мыңдық айлық  күн көруге жетпейді, дейді тұрғындар. Кадр тапшылығынан кәсіпорын толыққанды жұмыс істемейді. Бар проблема – осы.

Виталий Бруцкий, Григорьевка ауылдық округінің әкімі:

 – Су мүлдем жоқ деуге болмайды. Кесте бойынша беруге мәжбүр болдық. Бүгінде қызмет көрсетуші ұйым операторларды көрші ауылдардағы сорғы станцияларынан әкеліп, амалдап жүр. Ең бастысы, станция жұмыс істеп тұр. Қираған жоқ. Тек мамандар керек. 

Дәурен Қуанышев, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының бөлім басшысы:

Бұған дейінгі қызмет көрсетуші ұйым міндеттерін орындамаған. Сондықтан, келісмішарт бұзылды. Кейін кадр мәселесі туындады. Сол себепті су беруде кедергілер пайда болды. Қазіргі уақытта проблеманы шешу бойынші тиісті шаралар қолға алынды. 

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, су тарату кедергісіз болуы үшін үш маман жеткілікті. Алдағы аптада екі адам жұмысқа қабылданып, іске кіріссе, мәселе түбегейлі шешілмек. Су сапасы да бақылауға алынады.Айта кетейік, бүгінде өңірдегі 352 ауылдың 193-де орталық су жүйесі бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат