Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнер – елдің маңдайындағы тәжі

Тұңғышбай Жаманқұлов: Өнер – елдің маңдайындағы тәжі

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы халық әртістерінің бірі – Тұңғышбай Жаманқұлов. 1992 жылы аталған жоғары марапатқа ие болған театр және кино актерінің ұттық өнерге қосқан үлесі орасан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Абылай хан, Әбілқайыр, Қайыр ханнан бастап Махамбет, Құнанбай рөлдерін сомдап, образын аша білген талантты актер. Оның айтуынша, өнер өкілдерінің еңбегін, талантын бағалап лайықты марапаттау әртістерді әрмен қарай жігерлендіре түседі.

Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі:

– Ол өнерпаздарын аялаудың ерекше үлгісі. Бұл мемлекеттің өнерге деген ерекше көзқарасы, ықыласы. Ал, өнер деген не?  Өнер деген ұлттың мынау маңдайындағы тәжі сияқты. Ұлттың тәжіне жапсырылған гауһар тас сияқты. Өйткені ұлтты танытатын, мемлекетті танытатын көбіне айтып жүрміз ғой осы өнер адамдары.

Елге белгілі өзге де өнер адамдары «Халық әртісі» құрметті атағының қайта оралғанын құптап отыр. Бастысы атақ халықтың бағасы мен батасын алған азаматтарға берілу керек. «Халық әртісі» атағын соңғы алған өнер иелерінің бірі – Мұрат Ахмадиев 1998 жылы жоғары марапатқа ие болған. Актер, әнші, композитордың пікірінше, «Қазақстанның халық әртісі» атағы өнерге өлшеусіз үлес қосқан, халықтың шынайы ықыласына бөленген адамдарға берілуі керек.

Мұрат Ахмадиев, Қазақстанның халық әртісі:

– Мен кеңестік кезеңнен бері осы салада еңбек етіп келемін. Ол кезде халық әртісі атағаны алу үшін белгілі бір жасқа толуың керек, қанша талантты болсаң да, халықтың ықыласына бөленіп тұрсаң да жасың жетпесе бермейтін. Мұндай таңдау дұрыс емес, өнер иесі шын талантты екенін көрсетсе, елдің мәдениеті үшін еңбегі сіңсе, халықтың сүйіктісіне айналса, оған жасына қарамай халық әртісін беру керек.

Өркениетті өсіретін де, өшіретін де – өнер. Бабалардан аманат етілген осы өнердің түтінін дұрыстап, оған сызат түсірмей ұрпаққа аманат ету бүгінгі халық әртістерінің міндеті.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев