Торғай өңіріндегі көлдер тартылып барады

Себебі өзендер жетпей суалып қалады. Тіршілік нәрінің тапшылығы экожүйеге, мал шаруашылығына кері әсерін тигізіп жатыр. Жангелдин ауданындағы Жаркөл мен Татыр көлі кезінде аң-құс пен мен балыққа бай еді. Қазір ізі де қалмаған. Жойылып бара жатқан су айдындарын сақтап қалуға бола ма?

Байырғы тұрғындар Жаркөл көлінің орнын көрсетіп жатыр. Олардың айтуынша, су айдыны соңғы 25 жылда 70 процентке құрғап қалған.

Жұмабек Нұғыманов, Жаркөл ауылының тұрғыны:

- Бұның көптеген себебі бар. Жоғары жақтан келетін сулар жан-жаққа бөлініп кетіп жатыр. Қызбел жағынан келетін бұзып кететін бөгеттердің бәрін Үкіметтен ақша бөлініп соларды көтерсе. Мынау дөңгелегін ғана көріп тұрсыздар. Анау іштері түгел кеуіп жатыр. Бұл өзі өзек-өзек сала-сала ғой. Соның бәрі құрғап жатыр. Су келмегесін. Ертең күзе қарай келіңізші, ортасында ғана қалады су. 

Көрші Татыр көлдің жағдайы да оңып тұрған жоқ. Кезінде бұл жерге бір емес бес бірдей өзен құятын. Құрғақшылықтан жер сорланып, экологиялық жағдай  күрделеніп барады.  

Меңдібай Әбдібаев, Жаркөл ауылының тұрғыны:

- Бір айдан кейін мынаның бәрі сор тұз болады да, желді күндері түгел көтеріліп ауылға басады. Мінеки экологияның қалай әсер етіп жатқаны. Осыған су түссе, жергілікті халық осыдан балық ауласа өзіне керегін, артығын Үкіметке тапсырса. 80-жылдары Аралдан балықшылар келіп, осы жерден кәдімгі балық аулаған. 

Бұрын көлдің айналасы қалың қамыс болатын. Жұрт содан малына азық жинады. Ал қазір айналада төрт-түлікке беретін шөп те қалмады.  

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Небәрі жеті жыл ішінде Татыркөлдің арнасы тартылып, түбі кеуіп қалды. Кезінде балығы тайдай тулап, төрт түлік үшін шөл қандыратын таптырмас орын осы болатын. Су айдынының ұзындығы 20 шақырым, ал ені 8 шақырымға дейін жететін. Егер құрғақшылық жылдан-жылға белең алса, онда жергілікті халық ата кәсіптен біржолата қол үзуі әбден мүмкін. 

Қос көл Торғай даласында орналасқан. Жаркөл «Алтын дала» табиғи резерватының қарамағында. Ал Татыркөл Жангелдин ауданының иелігінде. Бірақ су айдындарын сақтап қалуға жергілікті билік дәрменсіз. 

Шота Оспанов, Жангелдин ауданының әкімі:

- Татырдың құрғап тұрғаны табиғи фактор. Осыған дейін де құрғады. Бір жылдары толды. Ол толғаннан кейін екі-үш жылға дейін тұратын су. Ал тасқын су келіп, жайылып құймаса онда толмай қалады да, жылдар өте келе сіңіп қалады. Ал оны басқаша толтыру мәселесі бұған дейін қаралған жоқ. Басқа жерден су бұрып әкелу деген сияқты мәселе енді біз қазір айналысқан жоқпыз, бізге дейін де айналысқан жоқ. 

Құрғақшылық пен су тасқынының азаю. Көлдердің тартылып қалуына осы факторлар себеп, дейді мамандар. 

Ирина Никоненко, "Тобыл-Торғай бассейндік инспекциясы" РММ бөлім басшысы:

- Аймақта 2008 жылдан бері су қоры азайып барады. Татыркөл мен Жаркөл құятын өзендер есебінен толатын. Алайда соңғы жылдары көктемгі су тасқыны кезінде өзен-көлдерге жеткілікті көлемде су келмеді, қыста да қар болған жоқ.

Су айдындарын сақтап қалу үшін жергілікті тұрғындар облыс әкімдігі мен экология министрлігіне хат жолдаған. Алайда ол жақтан мардымсыз жауап келген жоқ. Енді Үкіметке шығып отыр. Қысқасы жұрт қос көлдің қайта түлейтініне үмітін үзбей келеді.  

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров