Ақтөбенің іргетасы қаланғанына 153 жыл толды

Бүгін Ақтөбе қаласының туған күні. Еліміздің батыс өңіріндегі ең үлкен шаһардың іргетасы қаланғанына 153 жыл толып отыр. Осыған орай айтулы шаралар өтті. Концерттік бағдарламадан бөлек спорттық ойындар мен ашық аспан астында түрлі көрме ұйымдастырылды.

Биыл Ақтөбе қаласының туған күні облыстың 90 жылдығымен де ұштасып отыр. Осыған орай шаһарда өткен ауқымды мерекелік шараларға өңірдің аудандары да белсенді атсалысты. Түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, аламан бәйгеде сәйгүліктер сынға түсті. Көкпардан облыс біріншілігінің бас жүлдесіне Байғанин ауданы мен Ақтөбе қаласының білекті жастары таласты.

Еліміздегі облыс орталықтары арасындағы ең үлкен шаһар саналатын Ақтөбеде қазір 53 тұрғын үй алқабы бар. Соңғы жылдары халық саны артып, сәйкесінше құрылыс та қарқын алған. Әсіресе Есет батыр және Батыс-2 аудандарына көшіп келушілер көп. 

Асхат Шахаров, Ақтөбе қаласының әкімі:

- Біз биыл бас жоспарды бекітуге бет бұрдық. Күзде бекітсек қосымша тағы да бірнеше тұрғын үй алқаптары пайда болады. Білім ошақтар, бизнес ошақтары жақсы дамып келеді. Көптеген жастар тек қана Ақтөбе облысынан емес басқа аумақтан келіп бірнеше жоғары оқу орындарына түсіп, осында отбасын құрып, осында қалуда. Себебі қазіргі таңда барлық мүмкіндіктеріміз бар.

БЛИЦ:

- Ақтөбе қаласына көшіп келгеніме жарты жыл болды негізі. Мен өзім Қызылорданыкімін. Ұнайтын болғасын осында көшіп келдік. Тұрып жатырмыз. Барлық ақтөбеліктерді бүгінгі мейрамдарымен құттықтаймын шын жүректен.

- Еліміз көркейе берсін. Әлемде тыныштық болсын, тек Ақтөбе біздің жайнап, жасара берсін.

Қала күніне орай мерекелік шаралар облыс орталығының 14 алаңында ұйымдастырылған. Ал негізгі концерттік бағдарлама орталық саябақта өтті. Жергілікті және елімізге танымал эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалауға он мыңнан астам халық жиналды.

Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев