ШҚО-да «Жауапсыз хаттар» кітабы таныстырылды

Жергілікті өлкетанушы, мұрағатшы Алдияр Әубәкіров жинақты құрастыруға екі жылдай уақытын сарп еткен. Екі жүз беттен тұратын кітапқа соғыс жылдары Шығыс Қазақстанға жер аударылған неміс, шешен диаспоралары ұрпақтарының сұхбаттары да топтастырылған.

Алдияр Әубәкіров, өлкетанушы:

– Олардың Берияға, Ежовқа, тағы басқа үлкен кісілерге, аудандық НКВД бастықтарына дейін жазған хаттары, өмірбаяндары, соның бәрі осында енгізілген.

Өлкетанушының айтуынша, Шығыс Қазақстанға 90 мыңға жуық адам жер аударылған.  Сұрапыл соғыс жылдары Лидия Михейлистің әке-шешесі Ресейдің Повольже өлкесінен Ұлан ауданына көшірілген екен.

Лидия Михейлис, қала тұрғыны:

– Бізде 8 бала,  9-бала қазақ қызы. Менімен жасты. Асырап алғанбыз. Қазір әкем де, шешем де жоқ. Жалғыз ағам екеуміз қалдық.

2021 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, әр облыста өңірлік комиссиялар жұмысын бастаған еді. Шығыс Қазақстанда 35 адамнан тұратын 10 жұмыс тобы құрылған болатын.

Жасұлан Сәрсебаев, ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысы:

– Бүгінгі кітап – осы үлкен атқарған жұмыстың нәтижесі. Бүгінгі кітаптың тұсаукесер шарасы өте маңызды. Себебі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аясында өтіп отыр.

Жұмыс тобы мүшелері былтыр 260 қордан 13814 істі қарап, мұрағаттан әлі ақталмаған 2847 азаматтың ісін тапқан болатын. Биыл өңірлік комиссия 113 қордан 5855 істі зерделеп, тағы да ақталмаған 867 адамның ісін тауыпты.

Авторлары: Азамат Қасым, Дмитрий Пыхтин