Соңғы үш жылда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдер саны артты

Биыл заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізіліп, азғындарға тағылатын жазалау шаралары сәл де болса күшейтілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, енді зорлық жасағандар құрбандарына 1 ай бойы жақындай алмайды. Тәртіпке бағынбаса, ол 5 тәулікке қамауға алынады. Алайда мұндай жаңашылдықтарға қарамастан зорлық-зомбылық деректері тыйылар емес. Нұр-Сұлтан қаласында әйелін жеделсатыда ұрып-соққан ер азаматтың әрекеттері халықтың жағасын ұстатты. Бұл оқиға наурыз айында болған. Алайда бұл бейнежазба әлеуметтік желілерде тек жақында ғана тарап кетті. Роликтен күйеуі әйелімен бірге жеделсатының ішіне кіріп, кенет арт жағынан бастан ұра бастағанын байқауға болады. Келіншек есін жоғалтқан кезде де ер адам ұрып-соғуын жалғастыра берген. Бұдан бөлек ол таңертең үйдің ішінде басынан тоқпақтаған. Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр,

Сондай-ақ, осыдан бір апта бұрын тағы бір ер адам лифтіде балалы әйелге шабуыл жасады. Оқиға Шымкент қаласында тіркелді. Желіде тараған кадрларда сәбилер арбасымен тұрған әйелдің артынан ер адам кіргенін көруге болады. Бір мезетте ол келіншектің аузын жауып, арбадан ішіндегі пакетті  тартып алады. Бір қолымен әйелдің аузын жауып тұрып, екінші қолымен әлгі пакетті сөмкесіне салады. Осы кезде лифт есігі ашылып, сәбилі әйел шығып кетеді. Тәртіп сақшылары күдіктіге іздеу салды. Ал жақында желі пайдаланушылары Шымкент қаласында болған тағы бір оқиғаның куәгері болды. Тараған роликте көшеде ер адамның әйелін  ұрып жатқанын байқауға болады. Келіншекке куәгерлер араша түспек болған. Екі ер адамның әңгімелесіп тұрғаны, оның бірі екіншісін сабырға шақырып жатқаны көрсетіледі. Алайда жас жігіт қызыл көйлек киген қыздың артынан барып, оны соққыға жыға бастаған. Мұның бәрі кішкентай баланың көз алдында болған. Полицейлердің хабарлауынша, бұл дерек бойынша ешқандай арыз-шағым түспеген. Түркістан облысының Ордабасы ауданында тіптен жантүршігерлік оқиға тіркелген. Ер адам өз әйелін төрт баласының көзінше ұрып өлтірген. Сол күнге дейін көрші-қолаңнан, туыстардан айғай-шу туралы ешқандай арыз-шағым түспеген. Марқұмның қызы анасын құтқаруды өтініп, төрт рет полицияға хабарласқан. Көмек тек 40 минуттан кейін ғана келген. Жәбірленуші жедел-жәрдем келгенше қайтыс болды. Қазір жауаптылар бұл оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Айта кетерлігі, қазір Парламент депутаттары отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша заң жобасын қарап жатыр. Құжат зорлық-зомбылыққа қалай тосқауыл болары әзірге белгісіз.

Авторы: Дариға Ташенова