Атыраудағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектептен дау арылмай тұр

Бұдан бұрын қаладағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп құрылысына қатысты дау шыққан болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткенде қалалық әкімдіктің дерегі бойынша бұрынғы мектепке тиесілі жер толық қайтарылғаны және ескі ғимараттың орнына бір ауысымда 300 бала оқитын жаңа мектеп салынатынын айтқан едік. Құрылыс биыл басталуы тиіс. Бірақ ата-аналардан құралған белсенді топ қала басшылығының бұл уәжімен келіспей отыр. Өйткені мектеп аумағындағы 11 сотықтай жер қайтарылмай қалған.  

Қайша Рысбаева, белсенді топтың жетекшісі:

– Біз жер телімі қайтарылды дегенмен келіспейміз. Өйткені бұрынғы сызбаға 1 метр жер телімі қосылған жоқ. Мынау облыстық  жер комитетінің актісі. Онда 11,4 сотық жер жетпейтіні көрініп тұр. Ал мынау былтыр 11 шілдедегі сол кездегі қала әкімінің шешімі. Онда жер телімін 1 айдың ішінде кері қайтару жөнінде жазылған. Осылайша, әкімнің шешімі де, былтырғы жылғы дөңгелек үстелде прокурордың ұйғарымы да орындалмай отыр.