МӘМС жүйесіндегі ұйымдар заңды бұзған

Биыл міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне кіретін ауруханалардың жұмысында 200 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Бұл туралы бүгін қордың төрағасы Айдын Ашуев депутаттармен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, бұл ұйымдарға 5 миллиард теңгеге жуық айыппұл тағылды. Олардың басым бөлігі өз есептерінде көрсетілген медициналық қызмет көлемін асырған. Ал 16 проценті мемлекеттік стандарттар мен хаттамаларды дұрыс орындамады. Ашуевтің пікірінше, мұндай олқылықтар ауруханаларға қордан түсетін қаражатты бақылаудың әлсіз болуынан туындайды. Сондықтан алдағы уақытта бұл процестерді Smart data Үкімет негізінде автоматтандыру жоспарланған. Азаматтар тарапынан да медициналық мекемелердің қызметіне қатысты шағымдар көптеп түсіп жатыр. Тек қаңтар-наурыз айларында 5 жарым мыңнан астам хабарлама тіркелді.

Айдын Ашуев, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы:

– Сапасыз медицналық көмек көрсетуге 2119 шағым, өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 3 есеге жоғарылаған. Медициналық көмек көрсетуден бас тартуға 1 жарым мыңнан астам шағым түсті. 20 процентке өсті. Жүйеге дұрыс емес ақпарат тіркеу бойынша мыңнан астам шағым келіп түсті. Дәрі беруге қатысты 360 шағым.