КСК-мен қош айтысу қиынға соғып тұр

Тұрғын үй саласындағы реформа тығырыққа тірелді. Осы жазда Пәтер иелері кооперативтерін бас тартып, үйге өзіміз ие боламыз деген едік.

Енді сол Мүлік иелерінің бірлестігіне көшу туралы бастама бір жылға шегерілді. Заң жобасын ұсынғандар кезінде бұл жоба барлық проблеманы шеше алатын мінсіз құжат дегендей еді. Бірақ жағдай осылай болды. Оның үстіне көп қабатты үй тұрғындары жеке пәтер иелері кооперативінің құрығынан оңай босай алмайтын да сыңайлы. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Жасыратыны жоқ, «КСК»-ні кәсіп қылып алғандар бар. Оған осындай ескі үйлер дәлел бола алады. Көріп тұрғандарыңыздай өжіре суға толған, ал одан шыққан қолаңса иіс қолқаны қабады. Мына қираған қабырғалар, ағаш еден, барлығының жағдайы мүшкіл. Тұрғындар бұған пәтер иелерінің кооперативін кінәлайды. Олардың есігін қанша қақса да жөнді жауап, жүйелі жұмысқа жете алмай отыр.

Мәселен, елордалық Виктория Вольф ай сайын ақшаны кімге, не үшін төлеп отырғанымды білмеймін дейді. Оның айтуынша, үйдің іші-сырты жөндеу жұмыстарын көптен бері көрмеген. Ал кооператив басқарушысымен байланысу мүмкін емес.

Виктория Вольф, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Ай сайын төлеп отырған ақшамыз қайда кетіп жатыр? Түсініксіз. Жертөле суға толып қалған, жан-жақтың барлығына жөндеу жұмыстары керек. Қалдық су бүкіл үйді шайып кететін кездер болды. Шұрық-тесіктен дене жарақатын алған кездер болды. Ал КСК-ға қанша айтсақ та түрлі себеппен кері қайтарады.

Осындай проблеманы шешу үшін жеке пәтер иелерінің кооперативінен құтылып, тұрғындар меншік иелерінің бірлестігін құра алады. Бірақ көп жылдан бері тозып кеткен көп қабатты үйді жаңа жүйеге көшіру оңай емес. Ескі, жөндеу көрмеген ғимаратты ешкім жауапкершілігіне алғысы келмейді. Дегенмен, жаңа жүйеге бірқатар тұрғын үй өтіп үлгерген. Ниеттеніп отырғандар да жетерлік. Өйткені көпқабатты үйді басқарудың жаңа тәсілі қай жағынан да тиімді. Тек түсіндіру жұмысының аздығынан жұрттың бәрі бірдей реформаны түсіне бермейді.

Нариман Өтебаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Есептей келе біз пәтер иелерінің коперативтеріне ай сайын 2 млн 700 мың теңге төлеп отырғанымызды білдік. Мұндай үлкен қаражатқа көп дүние жасауға болады. Тіпті үйдің айналасын түгел жаңартар едік. Ашығын айту керек, бүгінгі күні бізге көрсетілген қызмет төленген қаржыны ақтамайды. Ал мүлік иелерінің бірлестігіне өтейін десек, тұрғындарды түгел аралау керек. Олардың көбі жаңа жүйеден бейхабар. Жауапты мамандар түсіндірме жұмыстарын мүлдем жүргізбейді.

Сонымен үйлерді мүлік иелеріне тапсыру арқылы мәселені шешу жоспарланды. Бірақ тықыр таянғанда алдымен мәжілісте, кейіннен сенат отырысында үйлер толық дайын емес деген әңгімелер айтылды. Сол себепті заң жобасы бір жылға шегерілді. Алайда сала басшылары елдегі көппәтерлі тұрғын үйлердің 90 пайызы мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестікке өтіп кеткенін мәлімдеп отыр. Ал басқарудың ескі тәсілінде қалған үйлердің көрсеткіші бар-жоғы 10 процент. Сонда Заң жобасын тағы бір жылға шегеруге кім түрткі болды, деген заңды сауал туындайды.

Руслан Лепесов, ҚР ИИДМ Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясаты департаментінің директоры:

- Біз айтып отырған, әлі жаңа жүйеге ауысып үлгермеген 10 пайыз үй басқарушысыз қалуы мүмкін. Жылу маусымы да жақындап қалды. Тұрғындар қыстың қамына осы бастан дайындалып алуы үшін бір жылға кейін шегеруге тура келді. Қазір елімізде жаңа жүйеге кіретін 46 522 үй бар, оның 41 мыңнан астамы өтті. 4 мың үй мүлік иелерінің бірлестігін таңдаса, қалған 37 мың 500 үй жай серіктестік құрды.

Жаңа басқару жүйесіне өткен үйлердің басым бөлігі жай серіктестікті таңдаған. Сарапшы Сәкен Алданазаровтың пікірінше, бұл құрылымға кіргендер алданып қалды. Өйткені серіктестік заңды бұзуға арналған таптырмас құрал, деп отыр. Бұрынғы жеке кооператив иелері майлы жіліктен айырылып қалмас үшін осындай қулыққа  барғанынан сенімді.

Сәкен Алданазаров, сарапшы:

- Жаңа заңда барлығы егжей-тегжейлі тексерілген. Онда жай серіктестікке құру үшін үйдегі пәтер саны 30-дан аспауы керек еді. Алайда оған түзетулер енгізіп, бұл шектеуді алып тастады. Дәл осының кесірінен заңда кемшілік пайда болды. Жай серіктестіктің көрсеткіші көп болуына таңғалудың қажеті жоқ. Бұл ескі басқарушылар мен жергілікті билікке пайдалы болды. Осылай көрсеткішті қолдан жасап алдық деуге болады. Бірақ түптің түбінде мұның зардабын тек қағаз жүзінде орындалған заң жобасы тартып отыр. Енді заң күшіне енуге сәл қалғанда дәл сол тұлғалар үй басқарушысыз қалады деп қорқытуда. Ал бұған кім кінәлі оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. 

Сонымен қатар сарапшылар заң жобасын бір жылға шегеру туралы шешімге пәтер иелері кооперативінің өкілдері тікелей ықпал жасады деген пікірде. Не де болса, сала серпілісті қажет етіп тұр.  

Бекзат Аманов, Артур Горшняков