Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға өткелден өту қиындады 

Ақтөбе қаласының қақ ортасында орналасқан екі бірдей жол үсті өткелінен арбаға таңылған жандар өте алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі оларға арналған көтеріп-түсіру жедел сатысы әлдеқашан істен шыққан. Ал қажетті бөлшек шетелде жасалады. Оны елге алдыру әзірге мүмкін болмай тұр. Дастан Ниязовтың жол үсті өткелімен жүрмегеніне бірнеше жыл болған. Бұл арбаға таңылған азамат үшін оңай болмай тұр. Салдарынан көшенің арғы бетінде тұратын тумалары мен достарына жету өзгенің көмегінсіз мүмкін емес.

Дастан Ниязов, қала тұрғыны:

Мына тоғыз қабатта үлкен апам тұрады, барайын деп өткің келеді мысалыға. Амалсыздан анау бағдаршамға бару керек. Оған барып, арғы бетке өтудің өзі жоқ дегенде 20-30 минут өтеді.

Қала ортасындағы Әлия Молдағұлова даңғылы бойында салынған екі бірдей жер үсті өткелі үш жыл бұрын пайда болды. Көлік қарқыны жоғары жолда жаяудың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нысанға бюджеттің 120 млн теңгеден астам қаржысы қарастырылған. Алайда өткел пайдалануға берілгелі мүмкіндігі шектеулі жандар жарытып қызығын көрмепті. Біріндегі жедел сатысы алғашқыда жұмыс істеп, кейін тоқтап қалса, екіншісінде мүлде іске қосылмаған көрінеді.   

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

Өткелдегі лифттің қазіргі көрінісі мынау. Көтеріп-түсіруге арналған құрылғалырдың әлдеқашан істен шыққаны байлады. Электр сымдары да үзіліп қалған. Тіпті мұнда көптен бері тазалық жұмысының жүрмегені көрініп тұр.  

Белгілі болғандай, арбаға таңылған адамдарға арналған жедел сатының ішіндегі құрылғылар қолды болған. Бірақ қашан ұрланғанын ешкім нақты айта алмайды. Себебі өткел ішінде де, сыртында да бейнекамера жоқ. Тіпті бұған дейін нысанды күтіп-ұстауға қай ұйымның жауапты болғаны белгісіз.

Әділбек Танкиев, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Ол тұрып қалған объекті. Енді өздеріңіз білесіздер, кейбір заттар қайсысы жетіседі, қайсысы жетіспейтінін кішкене анықтау қиындау болды. Сондықтан қазір біз дефектный акт жасадық. не керек екенін анықтадық. Керек материалдарын шығардық.

Өткелдегі жедел сатыны жөндеу үшін Беларусь елінен қосалқы бөлшектер алынбақ. Алайда оның қашан келері белгісіз. Дегенмен шенеуніктер бұл мәселенің таяу айларда шешілетініне үмітті. Тіпті жедел сатыны қолданатындар үшін жаңа жүйе енгізбек ойда.

Абзал Тимағамбетов, қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының басшысы:

Нақты бір 15 наименование запчест керек болып тұр әр лифтке. Соған тапсырыс берілді. Әр переходтың ішіне бейнекамералар қоямыз ұрламау үшін. Сосын қарайтын адамдар болады оның бәріне. Мүгедектерге арналған карточкалар болады. Тек қана мүгедектер, арбаға таңылғандар өздері шақыра алады сол лифтіні. Солар тек қана қолдана алады.

Жол үсті өткеліндегі жағдай мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалада бар жалғыз мәселе емес. Олардың кедергісіз қозғалуы үшін әлі талай жұмыс атқарылуы керек.

Шахан Жолдасбаев, қалалық мәслихат депутаты:

Көп мемлекеттік мекемелерде пандустар салынып жатыр. Бірақ та қатты өзгерістер жүріп жатыр деп айту қиын. Себебі көп жерлерге біз жүретін дәріхана болсын, дүкен болсын, шаштараз, салон, ондайға кіре алмаймыз.

Кедергісіз орта қалыптастыру мәселесі бүгінде құзырлы органдардың назарына алынған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков