Мағжан Жұмабаев ауданында ауыз су мәселесі өзекті – СҚО

Мағжан Жұмабаев ауданында ауыз су мәселесі өзекті – СҚО

Ауылға тілшілердің келетінін естіген жауаптылар суды тоқтатпаған. Бұған жергілікті тұрғындардың өздері де аң-таң, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдан бастап Чистовское елді мекенінде ол кестемен беріле бастаған.

Светлана Луи,  Чистовское ауылының тұрғыны:

- Су күндізгі сағат бірден бастап, беске дейін ғана ағады. Оның өзінде қысым жоқ. Яғни бір шелекті толтыру үшін жарты сағат уақыт жұмсаймыз.

Бүгінде тұрғындарың басым бөлігі тіршілік нәрін үйлеріне кіргізіп алған. Алайда халық өркениет игілігін көре алмай отыр. Жаз айларында халық ауыз сумен бақшасын суғарғандықтан, ол бәріне бірдей жетпейді.

Виктор Мелешев, «Есіл су» филиалы Булаев өндірістік учаскесінің басшысы:

- Аудандағы елді мекендердің көбінде су қоры жоқ. Халық ішуге де, бақшаға да оны магистральдан алады. Осыған байланысты қысым күрт төмендеп кетеді. Қазір 16 ауылда осындай жағдай.

Бүгінде мұнда су жиналатын резервуар бар. Бірақ нысан жөндеуді қажет етеді. Әрі ол жергілікті ауыл шаруашылығы серіктестігіне тиесілі. Тұрғындардың айтуынша кәсіпкер оны 90 жылдары жекешелендіріп алған.

Тамара Захарова, Чистовское ауылының тұрғыны:

- Ондағы суды серіктестік өз қажеттілігіне ғана пайдаланады. Малға береді, тіпті кейде алқаптарды суғарады.

Су тарату желілері 2019 жылдан бастап қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл мақсатқа 27 млн теңге қаржы бағытталған. Мәселе жекенің қолындағы резервуар мемлекет меншігіне қайтарылған жағдайда ғана шешілуі мүмкін. Ал жаңа мұнара орнату үшін кем дегенде тағы 10 млн теңгедей қаражат қажет.

Асхат Қыраубаев, М. Жұмабаев аудандық түкш бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі күні «Чистовское»  серіктестігінің директорымен арнайы келісім бар. Яғни алдағы уақытта резервуар тексеріліп, жөнделетін болады. Артынша бәрі жақсы болса су сол жерге жиналып, халыққа таратылатын болады.

Жалпы Мағжан Жұмабаев ауданында ауыз су мәселесі өзекті. Ауылдарды айтпағанда жеті мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығы – Булаев қаласының тұрғындары да жаз уақытында таза судан таршылық көреді.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов