Ақмола облысында қола дәуіріне жататын қыш ыдыстар мен әшекейлер табылды

Ақмола облысында қола дәуіріне жататын қыш ыдыстар мен әшекейлер табылды

Археологтар жәдігерлерді ежелгі Кеңөткел қорымын зерттеу кезінде тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың сөзінше, құнды дүниелер біздің заманымызға дейінгі 17-ғасырдың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертеді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Кеңөткел қонысы – Ақмола облысындағы ең үлкен қоныстардың бірі. Бұл жер сонау 1980 жылдардан бері зерттеліп келеді. Содан бері тарихшылар дәл мынадай 200-ден астам археологиялық ескерткіштерді тапты. Бір қызығы, бұл маңайдан бір емес, бірнеше дәуірге тиесілі жәдігерлер табылып жатыр.

Қойнауына сан ғасырдың сырын жасырған бұл жерден кеше ғана орта қола дәуіріне жататын қыш ыдыстар табылды. Ою-өрнегі бар мұндай тұрмыстық затты, ертедегі адамдардың осындай белгілер арқылы «ас мол болсын» деген секілді ырыммен жасағанын білдіреді, - дейді, археологтар. Бірақ, ара-тұра орнаменттері аз дүниелер де кездесіп жатады.

Жасұлан Үкеев, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры:

- Ең бір ерекшелігі, жаңағы қыш ыдыстардың ішінде биыл ең бірінші рет табылып тұрғаны, кішігірім осындай міне, қыш ыдыс. Яғни, сусын ішетін болса керек. Бұл жерде орнаменттердің кездесуі, бұл сол қола дәуірінің соңғы кезеңі болса керек. Өйткені, ол кезде қыш ыдыстарда орнаменттер жасамаған. Яғни мұның мәні жоғала бастайды. Бірақ қола дәуірінен кейін ерте темір дәуірі келеді ғой. Ерте темір дәуірінің қыш ыдыстарында орнаменттер кездеспейді. Яғни ол кезде кәдімгі алғашқы көне түркі жазулары пайда бола бастайды. Сол көне түркі жазуына ұқсас орнаменттің белгілері тұр мына қыш ыдыста.

Сондықтан бұл жәдігерлер алдағы уақытта түрлі өңдеуден өткізіліп, жан-жақты зерттеледі. Осыдан 3 жарым мың жыл бұрынғы қыш ыдыстардың ою-өрнектерінде нақты қандай мән бар екенін енді ғалымдар анықтайды. Қазба жұмыстарына тарихқа қызығушылығы бар мектеп оқушылары да тартылып жүр. Ал археологияға алғаш келген оқушылар таңданысын жасыра алмады.

Марат Беспай, оқушы:

- Адамдардың сүйектерін бірінші рет көріп жатырмын. Қорғандарды, бұларды қазатынын білген жоқпын. Мектептен біз 15 адам келдік.

Қыш ыдыстардан бөлек, бұл маңайдан бірнеше қола әшекей бұйымдар да шыққан. Алайда олар толық емес. Соған қарап мамандар, олардың тоналған болуы мүмкін деп болжап отыр. Әйтпесе, ежелгі тас ғасыры, қола және темір дәуірі мен орта ғасырлық мәдениетті бойына бүгіп жатқан бұл жерден көптеген құнды жәдігерлер табылуы тиіс еді.

Талапкер Уәлиев, тарихшы:

- Кеңөткел елді мекенінде тұрған Андронов мәдениетінің өкілдері ежелгі Мысыр перғауындарымен замандас бір дәуірде өмір сүрген. Былай тарихи параллель жасайтын болсақ. Сол дәуірде осы жерді мекендеген болатын. Ал, Андронов мәдениеті де ғылыми тілмен айтсақ, үлкен алып ареалды иеленген болатын.

Айта кетейік, аталған қоныстан өткен жылдары металлургия пештері де табылған еді. 40 жылдан астам зерттеліп келе жатқан қорым, әлі 10 шақты жыл ізденісті талап етеді дейді ғалымдар. Ал барлық жәдігерлер толық зерттелсе, бұл қазақ жерін мекендеген ежелгі адамдардың өнеркәсібі қаншалықты жақсы дамығанына айқын дәлел болмақ.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный