Халықты бейбітшілік пен келісімге шақырған шеруге қатысушылар Тараз жеріне жетті

«Еуропа-Азия» бейбітшілік пен келісім халықаралық шеруінің І кезеңіне қатысушыларды Тараз жұрты салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қонақтарға деп өңірдің этномәдени бірлестіктері концертік бағдарлама ұйымдастырды. Мұнымен қоса, айтулы шараға орай шахарда сәндік-қолданбалы өнер көрмесі мен ұлттық ойындардан жарыстар өтті. Халықты бейбітшілікпен келісімге шақырған шеру Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің 16 қаласын қамтымақ.

«Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі бірінші шілдеде Елордадан басталды. Осы аралықта 28 қатысушы Қарағанды, Алматы, Бішкек қалаларында болды. Қонақжай қасиетімен талайды тамсандырған Тараздықтар меймандарды жеті түрлі тағаммен қарсы алды.

Руслан Абдуллин, «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім маршының атқарушы директоры:

– Біздің басты міндетіміз – Қазақстан біртұтас мемлекет екенін барша әлемге таныту. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында ұйып отырғанын көрсеткіміз келеді.

Шараға қатысушылар орталық көшелермен көк туымызды көкте желбіретіп, «Көне Тараз» этномәдени кешеніне дейін жүріп өтті. Кейін қонақтарға деп концерттік бағдарлама, сәндік-қолданбалы өнердің көрмесі және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Парида Мәмедова, Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

– 50-ден астам көлікпен «Тараз темір тұлпар» клубының байкерлерімен бірге Қазақстан туын біз Тараз аркасынан бастап, осы Шахристан алаңына дейін келдік. Мына әскери оркестрмен тең, халықпен бірге.

Шараға қатысушылар бұдан соң Шымкентке аттанды. Шілденің соңында Владикавказда «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі аяқталады. Кейін олар Еуропа мен Азияның 17 елінде өтетін аталған шараның екінші кезеңіне дайындалады.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы,Тимур Сейлхан