Алакөлде дәретхана мен қоқыс жәшіктері жетіспейді

Алакөлде орталық кәріз жүйесі жоқ болғандықтан, әр демалыс үйі осылай күн сайын техника жалдап, септиктерге жиналған лас суды сорғызады. Сорылған су ауыл сыртындағы полигонға төгіледі. Бұл қаншалықты қауіпсіз? Көл жағасындағы Жарбұлақ елді мекенінің тұрғыны, көп жыл дәрігер болған Айбат Әбілқасымов осыған алаңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл тұрғыны кезінде көл жағасында жұмыс істеген «Алакөл тазалық» атты шаруашылық мекемесін қайта құру жөнінде ұсыныс айтты. Өйткені, жағалаудың тазалығына жауапты қазіргі коммуналдық шаруашылықтың техникалары талапқа сай келмейді.    

Айбат Әбілқасымов, Жарбұлақ ауылының тұрғыны:

- Мұның беті жабылмаған. Ашық. Ауыл халқының алаңдайтыны, жер асты сулары Жарбұлақ өзеніне қосылады. Болашақта Жарбұлақта эпидемилогиялық жағдай ушығуы мүмкін. Неше түрлі аурулар шығуы мүмкін. Осыдан қорқамыз. Үкіметтен сұрайтынымыз, осы мәселеге көмектессе дейміз. 

Айбат Әбілқасымов, Жарбұлақ ауылының тұрғыны:

Техника түгел тозған. Осыншама демалыс үйлеріне бір ғана ассенизатор жұмыс істеп отыр комхоздан. Қатты қалдық таситын,  контейнер көтеретін ескі газ-53 машиналары бар. Ол мүлдем үлгере алмайды. Өйткені бір демалыс үйінің өзінде екіден-үштен контейнер тұр қазір.

Көл жағасында қоқыс жәшіктері мен дәретхана да жетіспейді.

Майра Уәлиева, Жарбұлақ ауылының тұрғыны:

- Қаншама рет айтылып жатса да, әкелеміз, жеткіземіз деген әңгіме естиміз. Бұл әңгімені естігелі төрт-бес жыл болды. Қомақты қаржы бөлініп жатыр ғой. Қоқыс жәшіктерін жеткілікті етіп қойса болады. Сосын биотуалеттер қойылуы керек. Алты жерде ғана деп тұр. Бұл жеткіліксіз.

Дәретхананың аздығы, қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі өз алдына демалушылардың барлығы бірдей тазалық сақтай бермейді. Бұған туристердің өздері қынжылыс білдірді.

Бақыт Стамбекова, демалушы:

- Ойға қалып тұрғаным, жағалаудың ластығы. Әркім өзінің артын тазалап кетсе. Үкімет әр адамның артынан кісі салып қоймайды ғой. Ішкен суларын, бөтелкелерін тастап кетеді. Темекінің тұқылы, қағаздар жатыр.

Гүлмайра Тұрғанбаева, демалушы:

- Алакөл Алланың берген сыйы ғой қазақ халқына. Көл ғажап, ешқандай кінә жоқ. Алакөлді жақсы қалпында ұстасақ дегім келеді. Әркім өзі тастаған қоқысты жинап алып кетсе. Бәрі де бір адамнан басталады ғой.

Алакөлде түйінді мәселе көп екенін жергілікті әкімдік өкілдері де жасырмайды. Көл жағалауында қазір 8 дәретхана жұмыс істеп тұр. Жақында тағы төртеуі қойылмақ.

Дидар Хамитов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары:

- Контейнерлер жетіспейді дейді. Былтыр 100 контейнер болды. Биыл тағы да алуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі Алакөлдің дамып, тез өсіп келе жатқанын көрсетеді. Жетпей жатқан дүниелер бар. Аламыз тағы. Жұмыс істейміз.

Ал Алакөлдің ең өзекті мәселесі кәріз жүйелерінің құрылысы жақын арада басталмайтын секілді.  2020 жылы жобалық-сметалық құжат дайын болып, мемлекеттік сараптамадан өткенімен, тиісті қаражат бөлінбеген.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы