Басқа түскен қиындықты еңбекпен еңсерген жан

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылында тұратын Қантым Ғұмарова басына түскен барша қиындықты еңбекпен еңсерген жан. Ол бала кезінде жол апатына түсіп, кейін бір аяғынан айырылған. Бірақ тағдыр сынына еш мойымай, ісмерлікті жанына серік етеді. Қазір ол өз қолынан шыққан әсем бұйымдарды ауылдастарына ұсынып, отбасын асырап отыр.  

- Мынау фетр, ішінде картон, ішінде киіз үй жабдығы, қамшыға дейін бәрі бар ішінде...  

Қантым Ғұмарова 1966 жылы жол апатына түскенде небары 11 жаста болыпты. Ол кезде кейіпкеріміз Бөкейордасы ауданының  Құрманғазы ауылында тұрған. Сексенінші жылдары жарақаты қайта сыр беріп, дәрігер көмегіне жүгінуге тура келеді.  

Қантым Ғұмарова, Жәнібек ауылының тұрғыны:

 – Сайхында бәлнесте қаралғанда хирург өзім емдеймін деп Оралға жібермеді. Қате лечение алып қойып отырмын ғой. Содан келіп жілік сүйегім онкологияға ұшыраған. Сүйек балқып кеткен, жілік май ағып кеткен екен жоқ. Айналып келгенде мен 25 жасымда аяқсыз қалдым. Аяқ кесілді. Бірінші бәлнесте жатқанда онкологияда системаның шлангалары бар ғой, содан тоқып үйрендім. 

Аурухана төсегіне таңылса да қиындыққа мойымады. Бала кезінен тоқу мен іс тігуді үйренді.  Жылдар өте тұрмысқа шығып, отбасылы болды.  Бүгінде жолдасы дүниеден өткен. Өмірден көргені мен түйгенін әркез бала-келініне айтып отырады. Ісмердің қолынан шыққан бұйымдар қашан да сұранысқа ие.

Қантым Ғұмарова, Жәнібек ауылының тұрғыны:

 - Мен шамалы материалдан тіккім келмейді. Анау китайский нашар материал келеді, ол машинкада по швам рвется дейді. Менде турецкий материал. Сол  Алматыға барғанда жағдайыма қарамастан соны алуға тырысамын. Сұраныс бар, көбі әншейін алғысы келеді ғой, көбі подаркаға кетеді рас енді. Сыйлыққа бере қоямын + Мынадай жақсы екен апа жаап берші деп заказ беретіндер бар.  

Ең алғаш жасаған көлемді дүниесі тұскиіз екен. Қыз жасауына да жиі тапсырыс түседі. 2011 жылы грант арқылы іс машина алыпты. Ал 3 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында өткен сайыста І орын иеленіп тағы бір замануи құралға қол жеткізді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Қантым апамыздың қолынан шыққан бұйымдар күнделікті тұрмыста қолданысқа ие екеніне көз жеткіздік. Апай, үстіңіздегі мына камзолды да өзіңіз тігіп алдыңыз ба?

 - Иә, өзім тігіп алдым. Осыны бір жыл тіктім. Сапожник без сапог демекші, өзіме дегенде өмірі қол тимейді. Дені сау жүріп жүрген адамның да төбесінде бір аспан, менің де төбемде бір аспан. + Еңбектену керек, анау ауыр, болмаса зарплаты аз төленеді, ой ол тігіншіліктен ешқандай не жоқ деген болмауы керек.  

Еңбек адамы өзіне аса ыстық мына бір бұйымын осыдан 30 жыл бұрын жасапты. Жастық тысын кестелеуге жарты айдай уақыт жұмсаған.

Қантым Ғұмарова, Жәнібек ауылының тұрғыны:

- Мен қатты ашуландым, нервім құрыды, мен машинкаға отырам да іс істеймін. Ол түн іші ме, таң алды ма, қатты ауырып отырмын ба, машинкаға отырам. Сондықтан шыдамдылық пен төзімділікті өзіме серік еттім. Ең біріші алла сабыр бере гөр маған тек, осынымды бітірейін, ана пәленшенің заказын, түгеншенің несін бітірейін аурып отқан немді емес алдағы ісімді ойлап уақыттың қалай өткенін байқамай қалам. 

Ләззат Абдулова, Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Жеті мүшесі сау ер азаматтар үкіметке масыл болып атаулы әлеуметтік көмек сұрап, кіріс көзім көрініп қалады деп қызметтен қашып жатады. Осы кісіге қарап үлкен өнеге, тәрбие алу керек деп есептеймін. Үкіметтен бір тиын қарыз несие алмай үлкен еңбекті атқарып отыр.

- Жасаған заттарын Жәнібек жұрты жақсы көреді?

– Иә, мынау өткенде көрмеде 30-40 шақты сумкасы болды. Бұл кісінің товарлары тез өтіп кетеді. 

Қилы тағдыр иесін мазалайтын мәселе де жоқ емес. Протезі жиі сынады. Оны алу үшін алыс қалаларға жол тартуға тура келеді. Содан көмек болса дейді. Өзі аудан көлемінде өтетін жәрмеңкелерге қатысып жүлделі орындар алып жүр. Қантым апа қолы қалт еткенде жыр шумақтарын оқып, өзгелерді де қанағат қылуға шақырады: 

Қантым Ғұмарова, Жәнібек ауылының тұрғыны:

- Бақыт мәңгі тұрсын десең басыңда, Қанағат қыл, ашуланба, тасынба!

"Көлігім жоқ" деп ренжуің бекерлік, Аяғы жоқ адамдардың қасында... 

Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов