Петропавлда сақ тайпаларына тиесілі қорған зерттеліп жатыр

Еліміздің солтүстігінде археологтар сақ дәуіріне тиесілі қорғанды зерттей бастады. Мамандар Петропавлдың шетінен табылған қорымда әскери немесе дәулетті адам жерленген болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Дегенмен, әзірге қазба жұмыстары барысында жылқының сүйектері ғана табылды.

Петропавл қаласының іргесінен табылған қорғанда қазба жұмыстары 70 жылдан кейін жанданды. Себебі бұл аумақта құрылыс жұмыстары басталмақшы. Әзірге археологтар бұл жерден жылқының қаңқаларын ғана тапты. 

Жанат Баймүсенов, СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы директорының орынбасары:

- Қорған тоналған болуы мүмкін. Себебі жылқының сүйектері шашыраңқы жатыр. Бірақ бұл әзірге тек болжам ғана.  

Археологтардың айтуынша бұл жерде әскери не болмаса бай адам жерленуі мүмкін. Себебі қорғанның биіктігі екі, ал диаметрі 40 метрден асады. 

Рахат Мәмбеталинов, СҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры:

- Біз бір аптаның ішінде қорғанды толық тексеріп, қорытынды шығаруымыз керек. Негізінен ол ерте темір дәуіріне жатады. Қазір мұнда университеттің ғалымдары, солтүстік қазақстан өлкетану музейінің қызметкерлері және тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының мамандары еңбек етіп жатыр. 

Осылайша алдағы уақытта аталған қорғанның қаншалықты маңызды екендігі белгілі болады. Егерде тың деректер анықталса, ол тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілуі мүмкін. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Бұл Солнечный - 2 шағын ауданы. Мұндағы жер учаскелері кезекте тұрған азаматтарға үлестірілуі керек. Алайда жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарына байланысты қазір мұнда инженерлік желілерді тарту уақытша тоқтатылған. Егер алдағы уақытта құнды жәдігерлер табылатын болса, бұл аумақ тіпті қоршауға алынбақ.  

Жалпы биыл Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясына 55 жыл. Айтулы датаға орай тамыз айында аймақта шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық жиын ұйымдастырылатын болады.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов